Жетісу облысының Кербұлақ ауданында Көксу ауылының маңында өзеннен аспалы темір арқан арқылы өтпек болған 36 жастағы ер адам суға ағып кетті.
Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті хабарлап отыр.
Оқиға 10 мамырда болған. Күшін сынап көрмек болған жігітті таныстары бейнежазбаға түсіріп тұрған.
Ол Көксу өзеніне құлап кетіп, қатты ағыс ағызып әкеткен. 11 мамыр таңғы сағат 06:30-дан бастап ТЖД, орман күзеті, жергілікті атқарушы органдар, полиция, әскери полиция және Қорғаныс министрлігінің бөлімшелерін тарта отырып, ауқымды іздестіру жұмыстары ұйымдастырылды, — делінген хабарламада.
Барлығы 98 адам және 22 бірлік техника, оның ішінде жүзу құралдары, дрондар және спутниктік байланыс жұмылдырылған. Олар Көксу өзенінің екі жағалауында ұзындығы 35 км-ге дейінгі учаскеде сегіз топ болып іздеу жүргізген. Алайда ер адам әлі табылмады.