Жыл басынан бері су заңнамасын бұзған тұлғалардан жалпы сомасы 2,9 миллион теңгеге 18 әкімшілік айыппұл өндірілді.
Бұл туралы су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлап отыр.
Ал 2025 жылдың басынан бері суды заңсыз пайдалану фактілері бойынша жалпы сомасы 6,4 миллион теңгеге 35 әкімшілік айыппұл салынды. Оның ішінде жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша 1,4 миллион теңге сомасына 12 әкімшілік айыппұл салынды, ал құқық қорғау және мемлекеттік органдардан түскен материалдар бойынша 5 миллион теңгеге 23 әкімшілік айыппұл салынды.
Министрліктің бассейндік инспекциялары 2025 жылдың басынан бастап 13 тексеру жүргізіп, нәтижесінде сегіз заңбұзушылық анықталды. Бұл заңбұзушылықтарды жою үшін жеті ұйғарым берілді.
Су шаруашылығы саласындағы заңбұзушылықтарды анықтау мақсатында былтыр министрлік жанынан су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті құрылған болатын. Нәтижесінде су инспекторларының саны 98 адамнан 210-ға дейін артты.
Оған қоса, заңнамаға да өзгерістер енгізілді. Жаңа Су кодексінде бассейндік инспекцияларға бақылау жүргізу құзыреті берілді. Құжат күшіне енгеннен кейін олар шұғыл әрекет ету шараларын қабылдай алады. Сонымен қатар әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске де өзгерістер енгізіліп, су саласындағы заңбұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтілді, – деді су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.
2024 жылы су заңнамасын бұзғандардан жалпы сомасы 44,5 миллион теңге болатын 556 әкімшілік айыппұл өндірілген. Сонымен қатар бассейндік инспекциялар 439 тексеру жүргізіп, оның барысында 1 855 заң бұзушылық анықталды.