Бүгін Оралдағы «Жайық Арена» спорт кешенінде Астанада ұйымдастырылған Отан қорғаушылар күніне арналған әскери шерудің тікелей эфир көрсетілімін тамашалау рәсімі өтті.
Салтанатты іс-шара көрсетілімін тамашалуға 1200 адам жиналды. Шерудің көрсетілімі алдында жергілікті өнерпаздар – DDRECORDS тобының мүшелері арнайы концерттік бағдарлама ұсынды. Олар көрермендерге патриоттық рухтағы әндер мен көтеріңкі көңіл күй сыйлауды мақсат етіп жатыр.
Бұл бастама – жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, әскери-патриоттық сана қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі.
Айта кетейік, Отан қорғаушылар күні – ел Тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген ерлердің ерлігіне тағзым ететін ерекше күн. Шерудің тікелей көрсетілімі – осы мерекенің мәні мен маңызын кеңінен насихаттауға бағытталған.