Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы мен Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласының 90 жылдығы аясында Қазақстан Халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Гүл Алматы. Flower city» фестивалінің-концерті өтті.
Филармонияда биыл дәстүрлі түрде төртінші жыл қатарынан өткізіліп отырған фестивальдің мақсаты — еліміздегі балалар хорын дамытып, жас таланттардың танылуына ықпал ету.
Фестивальде Қазақ Ұлттық Қыздар Педагогикалық университетінің қыздар хоры арнайы қонақ болып, концертте өнер көрсетті.
Бүгін филармониямыздың үлкен залында дәстүрлі түрде төртінші рет «Гүл Алматы» фестивалінің концерті өтіп жатыр. Фестивальге қаламыздағы ең үздік, кәсіби деңгейлері биік балалар хоры өнерлерін көрсетті. Мемлекеттік хор капелласы әрқашан балаларға қолдау берер фестивальді қуана-қуана өткіземіз. Гүл Алматымыз өркендей берсін, — деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бейімбет Демеуов.

Фестиваль қатысушылары «Қоӊырау» кіші хоры, «Көкек» балалар хоры, «Ақ тілек» ұлдар хоры және тағы да басқа балалар мен жасөспірімдердің орындаушылар тобы ірі ұжым Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласымен бір сахнада өнер көрсетті.
Фестиваль – тек концерт емес, бұл – балалар мен жасөспірімдердің бойындағы шығармашылықты оятатын, оларды сахна мәдениетіне, өзара достық пен ынтымаққа баулитын тәрбиелік мәні зор өнер мерекесі. Халықтар достығы, бейбітшілік пен бірлік, дарынды жас ұрпақтың болашағына сенім — мерекелік кештің негізгі идеясы болды.
Концерттік бағдарламада қазақ және әлем классиктерінің туындылары, заманауи авторлық композициялар мен түрлі этностардың музыкалық мұрасы орындалды. Концерт соңында фестивальге қатысушы барлық ұжымдарға ұйымдастырушылар атынан алғыс хат пен арнайы сыйлықтар табыс етілді. Қара шаңырақ қабырғасында әлі де жасөспірім таланттардың өнер жолына қолдау берер жоба жалғасын табады.