Шымкентте жүргізуші куәлігін заңсыз берумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігі хабарлап отыр.
Тергеу барысында 2023–2024 жылдар аралығында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының №2 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының басшылығы Ж.Р. Мурашимов пен бірқатар лауазымды тұлға жүргізуші куәлігін алу рәсімін теориялық және практикалық емтихандардан өтпей заңсыз алу схемасын ұйымдастырғаны анықталды.
Аталған «қызмет» үшін азаматтардан 150 мыңнан 400 мың теңгеге дейін ақша алынған. Нәтижесінде 500-ден астам адам заңсыз жолмен жүргізуші куәлігін алған, — делінген хабарламада.
Қазіргі таңда тергеу аясында 200 миллион теңгеден астам сомаға бағаланған күдіктілердің мүлкіне — екі жеке үй, екі пәтер, екі жер телімі және 10 автокөлікке тәркілеу мақсатында тыйым салынды.
Сот санкциясымен 12 күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.