Басты бетЖаңалықтар«Жеңістің рухы биік, даңқы мәңгі»: Оралда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шара...

«Жеңістің рухы биік, даңқы мәңгі»: Оралда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шара өтті

Орал қаласындағы Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінде 22 сәуір күні Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Жеңістің рухы биік, даңқы мәңгі» атты салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.

Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мерекелік шара аясында сол бір зұлмат соғыстың ізін бүгінгі ұрпаққа таныстырып, естелікті жаңғырту мақсатында арнайы көрме қойылды. Онда Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әскери техника үлгілері, сарбаздарға тиесілі жеке заттар, фотосуреттер мен құжаттық жәдігерлер жұрт назарына ұсынылды.

Көрмеге келген қонақтар соғыс тарихымен танысып, ерлікке толы өмір сүрген батырлардың есімін еске алды. Сонымен қатар, шара барысында арнайы гидтер мен еріктілер әрбір жәдігерге қатысты түсіндірме ақпараттар беріп, келушілердің сұрақтарына жауап берді.

ардагер
Фото: БҚО әкімдігі

Шара барысында бірқатар танымал тұлғалар сөз алып, Жеңіс рухы мен оның тарихи маңызы жөнінде ой бөлісті. Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің құрылтайшысы А. Әйтімов, «Генералдар кеңесі» президиумының төрағасы, генерал-лейтенант Б. Сарсеков, БҚО қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Г. Шукеева, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, БҚО ақсақалдар кеңесінің мүшесі, Орал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы М. Әнесов, Университет ректоры, облыстық мәслихат депутаты Ә. Баяхов сөз сөйледі.

Бұл – ұлт рухын жаңғыртатын, тарихты тірілтетін тағылымды шара. Бүгінгі бейбіт күн – сол бабалардың жанқияр ерлігінің жемісі, – деді генерал-лейтенант Б. Сарсеков өз сөзінде.

Шара әскери-патриоттық бағыттағы қойылымдармен жалғасты. Университеттің өнерпаз жастары поэзиялық композициялар, әндер және қоян-қолтық ұрыс тәсілдерінен көріністер ұсынды. Әрбір көрініс соғыс жылдарының ауыртпалығын, майдандағы батырлық пен тылдағы табандылықты көрерменге сезіндіре білді.

Іс-шара соңында барлық қатысушыларға соғыс кезіндегі сарбаздардың рационы — солдат ботқасы таратылды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да