Алматыда субұрқақтарды іске қосу үшін дайындық жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
1 мамырдан бастап Алматыда субұрқақтар маусымы ресми түрде басталады. 56 коммуналдық субұрқақ кешені іске қосылады, оның 11-і «құрғақ».
Субұрқақтар күн сайын сағат 08:00-ден 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Олардың жұмысы 1 қазанға дейін созылады. Бұл ретте, қолданыстағы ережелерге сәйкес +5°C төмен температурада субұрқақтарды пайдалануға тыйым салынады.
Мамандар субұрқақтарды кешенді дайындауды жүргізді: тостағандар мен іргелес аумақты тазарту, хлор мен мыс сульфатын пайдаланып суды зарарсыздандыру, жабдықты бояу және жөндеу, сонымен қатар барлық инженерлік жүйені тексеру. Мұндай шаралар қалалық субұрқақтардың қауіпсіз және тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — делінген хабарламада
Субұрқақтарға техникалық қызмет көрсету мен санитарлық жағдайды Алматы қаласы қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының ведомстволық бағынысты ұйымы – Eco Almaty ЖШС қамтамасыз етеді.
Әкімдіктің мәліметінше, қаланың алты субұрқағына ағымдағы жөндеу жүргізу мәселесі қарастырлып жатыр.