Енді Қазақстан азаматтары Мумбайға тіке ұшып бара алады. Air Astana әуе компаниясы Алматы-Мумбай бағытын ашты. Жаңа бағытқа жолға шықтық. Мумбай қандай қала? Онда туристер не көре алады? Үнділер қандай халық? Бүгінгі жолжазбада Мумбай сапарын баяндаймыз.

Air Astana Үндістан мен Қазақстанның қаржы орталықтарын жалғады

Таңғы 7-ден Алматы халықаралық әуежайына бардық. Сағат 9:05-те Airbus 320 жайлы ұшағымен Мумбайға ұшып кетпекпіз.

Бизнес-кластан билет алынған. Әуежайға жетіп, отырғызу талонын алған соң, Air Astana-ның «Шаңырақ» деген бизнес залына бардық. Бизнес-класқа арналған билетіңді көрсетсең, залға өтіп, тамақ-шай ішіп, демалуға болады. Рейсіміз таңертең болғандықтан, залда таңғы астың түр-түрі толып тұр.

Шаңырақ бизнес салы
Фото: Baribar.kz/Таңшолпан Бегалықызы

Естеріңізге сала кетейік, компанияның лайнерлері Алматы-Мумбай-Алматы бағыты бойынша аптасына үш рет ұшады. Air Astana алдағы уақытта бұл бағытқа қазіргіден де жиі ұшуды жоспарлап отыр.

Ұшаққа отырғызу басталып, бортқа кірдік. Жаңа «Шаңырақтан» дәм татқан едік, енді борттың бизнес-класының таңғы асын ішіп көрдік. Аспаз қазір ғана пісіріп, алдыңа әкелгендей ыстық әрі дәмді екен. Биылғы маусым айынан бастап Air Astana-ның бизнес-класы жолаушыларына ұсынылатын асты Auyl нео-номад мейрамханасы дайындайтынын да еске салып қояйық.

таңғы ас, борт
Фото: Baribar.kz/Таңшолпан Бегалықызы

Мумбай — қайшылық қаласы

Мумбайға 4 сағат 50 минут ұшып, жергілікті уақыт бойынша, сағат 14:25-те қондық. Борттан шыққанда бәріміздің мойнымызға гүл шоғын тақты. Бұл — үнді халқының қонақты ерекше сыйлағанының белгісі.

Әуежайдан шыға сала күн ыстық әрі қапырық екенін сездік. Үндістанда қыс болмайтынын білеміз. Біз барғанда ауа температурасы 30 градустың айналасын көрсетіп жүрді. Қала халқының 66%-і индуизм дінін ұстанады. Дініне берік болғаннан ба, жоқ, осындай күн райына үйреніп кеткеннен бе, ми қайнатар ыстықта ерлер жеңі ұзын жейде мен жинс, әйелдер ұлттық киімі — сари және басқа да жабық киім киіп жүреді екен. Бізді алып жүрген гидтердің айтуынша, қаладағы күн жазда 35-36 градустан аспайтын, қазір 40 градустан асатын болыпты.

Бізді әуежайдан күтіп алған SITA travel деген турист компаниясы автобуспен қонақүйімізге апарды. Автобусқа жайғасып алған соң, бәрімізге жіптен жасалған білезік таға бастады. Үнділердің салты бойынша, қандай да бір қуаныш болса, қыз күйеуге шықса, ұл үйленсе, жаңа үй алса, адамның қолына білезік тағады екен. Бізге «Үндістанға қош келдіңіздер» деген жақсы ниетпен (қыздардың сол қолына, ұлдардың оң қолына) білезік тағып шықты.

білезік, браслет
Фото: Baribar.kz/Таңшолпан Бегалықызы

Мумбай — Үндістанның экономикалық әрі мәдени орталығы. Бұл қала қайшылыққа толы екен. Мұны автобустың ішінде отырып көріп келеміз. Әуелі кедейлер тұратын ауданнан өттік. Әйгілі «Кедейден шыққан миллионер» (Slumdog Millionaire) фильмінің кейбір сахнасы осы жерде түсірілген. Кедейлер ауданы — Мумбайдың ажырамас бөлігі. Мұндай аудандар бұрын қаланың 8%-ін алып жататын, қазір бұл көрсеткіш 7, 38%-ке қысқарыпты. Дегенмен бұл көрсеткіштің түбін қазсақ, кей жерде кедейлер ауданының көлемі азайған (тіпті, жоғалып кеткен), енді бір жерде ауданның көлемі ұлғайған.

жайылған кір
Фото: Baribar.kz/Таңшолпан Бегалықызы

Енді жолдан аспанмен таласқан биік-биік тұрғын үйлер көріне бастады. Бізді алып жүрген гидтің айтуынша, бұл үйлердегі пәтер жалдау ақысы өте қымбат: бір бөлмелі пәтердің ай сайынғы жалдау ақысы 2000 доллардан басталады. Бұл ғимараттардың көбі — бизнес орталығы, ал қалған тұрғын үйлерде аса бақуатты адамдар тұрады. Гидтің «Мумбайда тамақ арзан, өмір сүру қымбат» дегені осыдан шығар.

мумбай
Фото: Baribar.kz/Таңшолпан Бегалықызы

Үнді асы Тали (Thali)

Үндістандағы алғашқы асымыз Тали болды. Астың бұл түрі асханадағы бардың бәрін бір тәрелкеге салудан шыққан. Thali деген сөз де «тәрекле» деп аударылады. Үш түрлі нан берілді. Оның бірі күріштен жасалса, енді бірі өзіміздің қаттама наннан айнымайды.

Үнді асы, Тали
Фото: Baribar.kz/Таңшолпан Бегалықызы
масала, шай
Үндінің масала шайы. Фото: Baribar.kz/Таңшолпан Бегалықызы
үнді асы
Пури Бажи наны. Фото: Baribar.kz/Таңшолпан Бегалықызы

Мумбайға Қазақстан халқы сыйып кетеді

Бір елге барсам, сол елдің халқын жақсырақ тану үшін көше бойлап, жаяулатқанды ұнатам. Бұ жолы да сөйттім. Журналистер таңғы асымызды ішіп алдық та, жаяулатып қаланың о жер, бұ жерін шарлап шықтық. Қонақүйдің жанында бір бақша бар екен. Кіреберісте күзетшісі отыр. Ол кісіден баққа кіруге болатын-болмайтынын сұрап едік, сәл жымиып, иегін (басын емес) шайқады. Бұл я «иә» дегенін, я «жоқ» дегенін ұқпай, қайталап сұрап тұрғанда, бір тұрғын «кіруге болады» деп айтып кетті. Кейін үнділер келіссе де, келіспесе де иек шайқайтынын, оны өз халқы бірден түсіне қоятынын білдік.

Үндістан — әлемдегі ең халқы көп ел. Мемлекетте 1 миллиард 461 миллион адам тұрады (Қытайдағы халық саны — 1 миллиард 416 миллион адам). 2025 жылғы ақпарат бойынша, Мумбайда 22 миллион халық тұрады. Күн сайын қала маңына пойызбен 9 миллионнан астам адам қатынайды.

Қаланың тіршілгі қайнап жатыр. Мегаполис үлкен әрі халық көп болғандықтан, бағдаршамның қызылы 90-135 секунд арасында жанып, жасылы 10 секундтан соң өшіп қалады. Сондықтан жылдам өтіп үлгеру керек. Гидтердің айтуынша, Мумбай — Үндістан бойынша жол ережесін ең жақсы сақтайтын қала. Дегенмен жасылдан өткенде де, жан-жағыңа қарамасаң, жүргізушілер жылдам өткеніңді қалап тұрады.

Мумбай, такси
Фото: Baribar.kz/Таңшолпан Бегалықызы

Мұнда көлік сол жақпен жүреді, соған сай көліктерінің рулі де оң жақта орналасқан. Біздің елімізде екеуі де керісінше. Үйренбегеннен бе, көлікте келе жатып, қазір біреумен соғысып қалатындай алаңдап, жатырқағанымыз рас. Жолдан өтерде де әдеттегідей сол жаққа емес, оң жаққа қарап өтуге бірден үйрене қоймадық.

Мумбай
Фото: Baribar.kz/Таңшолпан Бегалықызы
Мумбай, гүл
Фото: Baribar.kz/Таңшолпан Бегалықызы
Мумбай
Фото: Baribar.kz/Таңшолпан Бегалықызы

Көшеде тамақ сатып отырғандарды көп көрдік. Алғаш келіп тұрғандықтан, көшеден тамақ алуға батпадық. Дегенмен халық кезекке тұрып жатқанын көрдік.

Мумбай
Фото: Baribar.kz/Таңшолпан Бегалықызы
Мумбай
Фото: Baribar.kz/Таңшолпан Бегалықызы
Мумбай
Фото: Baribar.kz/Таңшолпан Бегалықызы

Қалада аспанмен таласқан әрі сән-салтанаты жарасқан ғимарат көп. Көбі бодандықтың ықпалымен ағылшындардың архитектурасымен салынған.

Мумбай
Фото: Baribar.kz/Таңшолпан Бегалықызы
Мумбай
Фото: Baribar.kz/Таңшолпан Бегалықызы

Үндістанның ақшасы рупия деп аталады. Өзі теңгеден құнды: 1 рупия, шамамен, 6 теңге тұрады. Дегенмен рупияны қолымызға ұстап көрмедік, өйткені көшеден тамақ жеп көрем немесе базарға барам демесеңіз, көп жерде картамен төлеуге болады. Біз де сөйттік.

Патшаға арнап салған Үндістан қақпасы

Кешке Үндістан қақпасын (Gateway of India) көруге бардық. Қақпаның арғы жағын Араб теңізі шайып жатыр. Қақпа үнді-мұсылман архитектурасымен базальт тастан салынған. Кімнің құрметіне дейсіз ғой? 1911 жылы британиялық V Жорж патша мен Мария патшайымның Үндістанға келуі құрметіне еді. Алайда сол уақытта Бірініші дүниежүізлік соғыс басталып кетіп, қақпа 1924 жылы бір-ақ салынып біткен. Ең қызығы, ағылшындардың Үндістандағы соңғы әскері де еліне осы қақпадан аттанған. Сөйтіп, патша мен патшайым бұл қақпаны сол күйі көре алмай кетіпті.

Мумбай, Үндістан қақпасы
Фото: Baribar.kz/Таңшолпан Бегалықызы
Мумбай, Үндістан қақпасы
Фото: Baribar.kz/Таңшолпан Бегалықызы

Қазір қақпаның алды күннің беті қайтқанда халық демалатын жерге айналған. Тіпті, қақпаға проектор түсіріп, Үндістанның тарихы туралы фильм көрсетіледі. Ал күндіз қақпаның жанынан сағат сайын паром жүріп, жұртты Пілдер аралына тасиды. Біз барғанда қақпаны жөндеп жатыр екен, сонда да қақпаның қаншалық биік әрі сұлу екеніне тамсанып қайттық.

120 жылдан аса уақыт істеп тұрған Тәж Махал қонақүйі

Үндістан қақпасының алдында әйгілі бес жұлдызды Тәж Махал қонақүйі (Taj Mahal Palace) тұр. Қонақүйді бір үнді кәсіпкер сол кездегі ағылшындардан қорлық көргеннен салған. Оның тарихы мынадай. Үндістанда XIX ғасырда Жамшеджи Тата деген кәсіпкер болған. Болат құятын зауыттың басшысы болып жүргенде Еуропадан келген серіктестерімен кездесе алмайды. Себебі кездесу осы Мумбайдағы «Уатсон» ағылшын қонақүйінде белгіленген. Ал қонақүйдің маңдайында «ит пен үнді кірмесін» деген тақтайша ілінген. Тата бұған қатты қорланып, осы уаққа дейін көрген қонақүйлердің ішіндегі ең салтанаттысын салуға кіріскен. Сөйтіп, Тәж Махалды салған. Қонақүй бес жыл салынып, 1903 жылы ашылған. 

Тәж Махал қонақүйі, Мумбай
Фото: Baribar.kz/Таңшолпан Бегалықызы

2008 жылғы қарашада лаңкестер Мумбайдың жеті ғимаратына шабуыл жасаған еді. Соның бірі — осы Тәж Махал қонақүйі. Қонақүйге төрт лаңкес басып кіріп, жалпы 31 адам қаза болған. 205 адам құтқарылды. Сол кезде әйгілі күмбезі мен бүйір қанаты зақымданған. Қонақүй жөнделіп, 2010 жылы қайта ашылды. Осы терактіден кейін Мумбайда қонақүйлерге адамды да, көлікті де тексеріп кіргізетін болған. Танымал «Мумбайдағы қонақүй» («Hotel Mumbai») фильмі сол лаңкестердің шабуылы туралы түсірілген.

Патшайымға арнап салған вокзал

Ендігі бағытымыз — Ұлыбритания патшайымы Викторияға арнап салынған вокзал. Қазіргі атауы — Чатрапати Шиваши Махараж вокзалы. Виктория патшайым өзінің отары болған Үндістанды аса жақсы көрген дейді. Осы елге келмекші де болған. Алайда патшайым келер уақытта Үндістан бодандықтан шығуға әрекет жасап, ағылшындарды ұнатпайтын күйге түскен. Содан патшалық қауіп қылып, патшайымын жібермей, Виктория патшайым үнділердің отанынын бір де бір рет көрмеген екен.

Чатрапати Шиваши вокзалы, Мумбай
Сурет фотобанктен алынды

Сөйтіп, вокзал «патшайым келеді, ғимаратты көреді» деген үмітпен 1878 жылдан бастап 10 жыл бойы салынған. Үндістан Ұлыбритания боданынан босаған соң, 1950-жылдары вокзалдың алдындағы патшайымның мүсіні алынып тасталған. Ал 1996 жылы вокзалға Үндістанның әйгілі батыры Чатрапати Шиваши Махараждың есімі беріліпті. Қазір вокзал демалыссыз, 24 сағат істейді.

Чатрапати Шиваши вокзалы, Мумбай
Сурет фотобанктен алынды

Бір де бір пілі жоқ Піл аралы

Таңертең жоғарыда айтқан Үндістан қақпасының алдына жиылдық. Сағат сайын жүретін паромға мініп, Піл аралына бармақпаыз, онда аралдың атауымен бірдей үңгірді көруге асықпыз. Паромға кезек-кезек секіріп міндік те, әр орындыққа қойылған құтқару жилетін киіп алдық. Гид сәске түспей шығу керек деп қайта-қайта ескерткен еді. Себебі ерте бармасаң, күн ысып кетеді.

Паромға жайғасқанымыз сол еді, жанына тағы бір паром тоқтады. Бізге сыймаған адамдар, енді сол паромға мінбекші. Бұл үшін біз отырған паромды көпір қылып, екіншісіне секіріп мініп жатты. Халық әбден үйренгені көрініп тұр, бала жатқан арбамен де мініп кетті. Жолда келе жатып, қайығымыз тағы бір паромның қасына тоқтады. Сөйтсек, паромдағы жігіттер осы қайықта тұрады екен. Бір-бірінен азық-түлік, керек-жарақ дегеннің бәрін сатып алып, жолай осылай беріп кетеді.

қайық, паром, Мумбай
Фото: Baribar.kz/Таңшолпан Бегалықызы
Мумбай
Фото: Baribar.kz/Таңшолпан Бегалықызы
үнді бала
Фото: Baribar.kz/Таңшолпан Бегалықызы

Пароммен бір сағат жүздік. Қайықтан түскен соң паровозға отырып, аралға тарттық. Мұнда көргіміз келгені V және VIII ғасырларда базальт жартасынан ұрғылап салған храм кешені еді. Үңгірдің төрінде Шиваның мүсіні тұр. Айналасын діннің басқа да құдайлары қоршаған. Кейбір келушілер құдайлардың мүсінін сурет етіп салып отырды. Үңгірдің ішінде телефонмен ғана фотоға түсуге болады, ал видеоға тек сыртын түсіре аласыз.

Мумбай, Піл аралы, храм
Фото: Baribar.kz/Таңшолпан Бегалықызы
Шива, Мумбай
Фото: Baribar.kz/Таңшолпан Бегалықызы
мумбай
Фото: Baribar.kz/Таңшолпан Бегалықызы

Аралда піл жоқ екен, есесіне маймыл көп. Олар адамның затына, киіміне, тіпті тамағына көп тиісе қоймайды. Дегенмен түрлі-түсті затқа ұмтылады. Мысалы, қолыңызда жай су болса, маймыл сізге жоламайды. Ал суыңыздың түсі сары, қара, қызыл болса, маймыл жаныңызға жетіп келуі мүмкін.

маймыл
Фото: Baribar.kz/Таңшолпан Бегалықызы
маймыл
Фото: Baribar.kz/Таңшолпан Бегалықызы

Сонда бұл жер қалай Піл аралы аталып кеткен? XVI ғасырда осы жерге португалдық зерттеушілер келген. Үңгірдің жанынан базальттан жасалған пілдің мүсінін көріп, аралды осылай атап кетіпті. Бұл мүсінді еліне әкетпекші де болған, алайда алып мүсінді көтере бергенде, бүлдіріп алған екен. Қазір мүсін жергілікті музейде тұр. Жақында жер атауы Маймылдар аралы деп өзгермекші.

Ащының түр-түрін дайындайтын базар

Қалаға қайтқан соң, ащы бұрыштың түр-түрін дайындайтын шағын базарға соқтық. Бұрыш ұнтақтап жатқан аппараттың даусы сұмдық қатты, оған көшедегі бипылдатып жатқан көліктердің даусын қосыңыз. Дегенмен сәлден соң бәріне құлақ үйреніп кетеді. Кәдімгі қызыл бұрышты аппаратқа салады, аппарат оны ұнтақтап береді. Сосын қызметкерлер оны жалаң қолмен елекпен елеп, ұнтағын ғана алып отырады. Аппаратта қалған қалдықты да жалаң қолмен тазалайды. Қызметкердің қолы дым сезбей кеткен болар дедік.

мумбай
Фото: Baribar.kz/Таңшолпан Бегалықызы
мумбай
Фото: Baribar.kz/Таңшолпан Бегалықызы

Барлық дәмдеуіштің атауы тек хинди тілінде жазылған екен, демек бұл — жергілікті халық қана баратын базар. Тұрғындар таң азанымен келеді. Керек дәмдеуішін сатып алып қана қоймай, құрамын өзгертіп, арнайы жасатып та жатады. Дәмдеуіші дайын болғанша орамалмен мұрны мен аузын орап тұрады. Дәмдеуіш сататын базардың жұмысы жаңбыр мусымы — шілдеге дейін тоқтамайды.

Аспан астында кір жуатындар

Үнді қоғамы о бастан топқа, яғни кастаға бөлінетін. Соның бірі — ерте заманнан төменгі топқа жататын кір жуатындар кастасы. Бұл топтағылар ата-бабасынан бері кір жуып, ақша табады. Әрине, қазір үнді халқы қай кастада туғанына қарамастан, өзге қызметпен айналыса алады. Алайда сол кастадағылардай көп табысқа кенелмеуі мүмкін. Өйткені кір жуумен бүтін бір әулет айналысады, табыс та ортақ әрі көп.

мумбай, жайылған кір
Фото: Baribar.kz/Таңшолпан Бегалықызы

Жолжазбаның басында Мумбай қайшылық қаласы екенін айттық. Оның тағы бір дәлелі — біз келіп тұрған Дхоби Гхат (Dhobi Ghat) деп аталатын кір жуатын жер. Аспанмен таласқан биік әрі қымбат ғимаратта тұратын бақуатты адамдар терезесінен жайылған сансыз кірді көреді. Кір жуатындар жұмысын таңғы 4-те бастап, түнгі 9-10-да бітіреді. Күн сайын шағын қонақүйден, ауруханадан, тұрғындардан түскен мыңдаған киімді жуады. Кірді әулеттің әйелі де, ері де жуады.

мумбай, жайылған кір
Фото: Baribar.kz/Таңшолпан Бегалықызы

Мұнда кір беру үшін нөміріне хабарласса, кір жуатындар киімді алып кетеді. Мысалы, бір жинсті жууға 25-30 рупия, яғни 180-300 теңге төлейді. Киімін бүгін берсе, ертең дайын болады.

«Жұлдыздардың» үйі

Әлем бойынша ең көп фильмді Боллиуд түсіреді — жылына 1 200-дей фильм шығарады. Оның бәрі 20-дан астам диалект тілінде шығады. Кинотетрында апта сайын жаңа фильм шығып тұрады. Одан кейінгі орында Африка елдері тұр. Олар кино индустриясын Ноллиуд деп атайды. Бұл елдер қысқаметрлі фильм түсіруге әуес — жылына 800-дей фильм шығады. Үшінші орын Холлиудтыкі — жылына 300-дей фильм түсіреді.

Боллиуд осы Мумбайда орналасқан. Дегенмен Боллиуд дегеніміз қате екен, дұрысы — Үндістанның кино индустриясы. Мумбайдағы Боллиудтың Беверли Хиллзі — әртістер тұратын қалашыққа бардық. Бұл жерде экранға енді ғана шығып жатқан актерлардан бастап, Шахрух Хан сияқты әлем «жұлдызына» айналғандар да тұрады. Гидтің айтуынша, сырты қарапайым көрінгенімен, іші сәнді-салтанатты. Тіпті, кейбір әртіс тұрғын үйді түгелімен-ақ сатып ала салғандай.

Бұл — актриса Рекханың үйі. Оны «Кек алуға құштарлық» («Жажда мести», 1988 ж.) фильмі арқылы танимыз. Мұндағы әр үйдің атауы бар. Рекха үйінің атын Basera, яғни тірлішік етуші деп қойған.

мумбай
Фото: Baribar.kz/Таңшолпан Бегалықызы

Ал актер Салман Хан түгел бір тұрғын үйді сатып ала салғандай екен. Атауы — Galaxi. Актер мұнда әкесімен, анасымен, екі бауырымен және әкесінің екінші әйелімен тұрады. Өзі үйленбеген.

мумбай
Фото: Baribar.kz/Таңшолпан Бегалықызы

Шахрух Ханның үйіне де жеттік. Бұл үйдің алдынан турист тұрмақ, жергілікті халық та үзілмейді. Актер үйіне mannat, яғни құлшылық деген атау беріпті. Шахрух Хан Делидің шеткі аймағында тұрып, актер болсам да армандап, Мумбайға келген. Сол кезде бір ғана қалауы бар еді — Мумбайдан қуықтай болса да бір пәтер алу. Қазір, міне, даңғарадай үйде тұрады. Туған күнінде және діни мерекелерде балконына шығып, халыққа қол бұлғайды екен.

мумбай
Фото: Baribar.kz/Таңшолпан Бегалықызы

Бір айта кетерлігі, Хан деген тегі бар адамдардың көбі — мұсылмандар. Хан деген тек дәл біздегідей Шыңғыс ханнан тараған. Кезінде моңғолдардың әскері Үндістанға да жеткен. Тегі Хан болса, арғы бабасы моңғол, ал шеше жағы жергілікті халықтың қызы деген сөз.

Шахрух Хан, Амир хан, Салман Хан — мұсылмандар. Үшеуі құрдас, биыл 60 жасқа толады. Салман Ханға актер болу қиын болмаған, өйткені әкесі кино индустриясының белді бір мүшесі еді. Амир Ханға да қиын соқты дей алмаймыз, көкесі сценарист еді. Бұлардың ішінде Шахрух Ханның ғана кино индустрияда танысы болмаған.

Шахрух Хан әлі күнге дейін жас актрисалармен мелодрамаға түседі. Күніне бірнеше фильмнің сахнасына түсіп шығады. Ал Амир Хан жылына бір-ақ фильмге түседі әрі оны өзі түсіреді.

Мумбайға барған турист не істемеуі керек?

Мумбайға барғанда мынаны істемеу керек:

  • Көшеден тамақ ішпеу керек, ішсеңіз де, абайлап жеңіз. Өйткені біздің асқазанымыз мұндағы көше тамағына үйренбеген.
  • Суды тек бөтелкеден ішіңіз.
  • Қайыр сұраған балаларға ақша бермеңіз. Чатрапати вокзалына келе жатқанда автобусымыздың соңынан балалар жүгіріп, терезесін ұра бастады. Гидтің айтуынша, бұл — кедейлер ауданында тұратын үйсіз-күйсіз балалар. Жергілікті халық оларға ақша бермейді екен әрі туристерге де бермеу керек екенін айтады. Себебі оларға біреу күштеп қайыр сұратуы мүмкін.