Алматыда жолдағы шұңқырларды жөндеу жұмыстары бойынша мердігерлерге қойылатын талап күшейтіледі.
Бұл туралы Алатау ауданының тұрғындарымен кездесу барысында қала әкімі Ерболат Досаев айтты.
Тұрғындардың айтуынша, жол жөндеу кезінде ой-шұңқырлар дер кезінде жабылмайды.
Алматы әкімі аталған мәселе бойынша, мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаевты орнынан тұрғызды.
Регламент бойынша, егер асфальт ойылса, ол жұмыс күнінің соңына дейін қалпына келтірілуі тиіс, — деді басқарма басшысы.
Қала әкімі келісімшарттық міндеттемелерде бұл нормалар жазылғанын, бірақ мердігерлер асфальттың уақытында жеткізілмегенін немесе техниканың жеткіліксіз екенін айтып, осы талаптарды орындай бермейтінін атап өтті.
Регламент бар, демек шұңқырларды жөндеуге жауапты аудандық әкімдіктер бұл мәселеге бақылауды күшейтеді, — деді Ерболат Досаев.