Шерзат Болаттың өліміне қатысты сотта жәбірленуші жақ жауап беріп жатыр. Шерзат Болаттың әжесі Жұмабике Қадыровадан жауап алынды.
Прокурор Шерзат Болаттың әжесінен төбелес кезінде қанша адам болғанын сұрады.
Жоқ дегенде 15-тей адам болды деп ойлаймын. Олар көз алдымда машинаға мініп кетті, – деп жауап берді Жұмабике Қадырова.
Шерзат Болаттың әжесі Нұрғанат Ғайыпбаевтың өліміне де сот залында отырған айыпталушылар себеп болғанын айтты.
Нұрқанаттың да ажалына осылар себеп болды. Беттестіру кезінде Нұрқанат «Мама, олар құмырсқаны басып кеткен адам сияқты көріп отырған жоқ. Нұрқияс «олай болса уақыт көрсетеді» деді, – деді Шерзат Болаттың әжесі.
Осы кезде судья сөзді бөліп, оқиғаға көшуді өтінді. Шерзат Болаттың әжесі сөз соңында судьяға қайрылды.
Судья, ақиқат үкім кесесіз бе, кеспейсіз бе, қорғап алып қаласыз ба, жақтап қаласыз ба – сіздің ар-намысыңызға берілген дүние, – деді Жұмабике Қадырова.
Сөз сөйлеп біткеннен кейін Шерзат Болаттың әжесі есінен талып қалды. Жұмабике Қадырованы жедел жәрдем қызметкерлері алып кетті.
Естеріңізге сала кетейік, Талғарда 2024 жылғы 4 қазанға қараған түні 16 жастағы Шерзат Болатты бір топ адам әке-шешесінің көзінше пышақтап кеткен. Жасөспірім ауруханада қаза болды.
Бұған дейін Шерзат Болаттың отбасы тұрған үйді белгісіз біреулер өртеп кеткенін жазған едік.
9 желтоқсанда Талғар маңында Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі табылды. Ер адам өзіне қол салған делінеді. Бұл жағдай бойынша полиция қылмыстық іс қозғаған.
2024 жылғы 11 желтоқсанда Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ аудандық соты марқұм Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты қоғамдық тәртіпті бұзды деп, 15 тәулікке қамап тастаған еді.