Бір ай бұрын Ontime жобасының идеясы ойымызға келді. Қарап отырсақ, жұмыс істеп жатқан сияқтымыз. Бірақ ісіміз өнбей кетеді. «Не үшін?» деп бақыласақ, түрлі видеоларды көрумен, әлеуметтік желілерде отырумен уақытымыздың көп бөлігін жоғалтып алады екенбіз. Мәселенің шешімін табу үшін, Ontime құрылғысын жасап шығаруды ойластырдық. Басқа бағдарлама, жобалармен салыстырғанда, мұндағы басты айырмашылық: адам уақытын қолымен басқара алады. Ontime гаджеті арқылы бір әрекетін екіншісіне ауыстыра алады. Сондай-ақ мобильді қосымша барлық әрекеттеріңіздің статистикасын шығарып береді. Ал тайм-менеджментке арналған басқа бағдарламалар факт бойынша ғана жұмыс істейді.

Қазақстан бойынша бұл жобаның аналогы жоқ. Басқа елдердегі жобалардан ерекшелігі: мұнда лимит (шектеу) белгілеуге болады. Ontime-ға помодора принциптерін қолданамыз. Помодора — тайм-менеджмент принципі. Адам жұмыс істеу концентрациясын бақылауда ұстап отырады. Мысалы, 25 минут бойы өзге еш нәрсеге көңіл аудармай, бір ғана жұмысты істейді. Бұл зейінді арттыруға көмектеседі. Осы принципті бағдарлама жөнінде іске асыруға тырыстық. Мысалы, қолданушы 10 минутты белгілейді, 10 минут бойы адам сол жұмысты атқарады. Біткен соң, мобильді қосымшаға уақыттың аяқталғаны туралы хабарлама келеді. Әр адамның қызметіне байланысты иконкаларды өзгертуге болады. Мысалы, мұғалімнің, қаржыгердің және т.б. өзінің жеке иконкалары болады. Оны гаджетке жабыстырып, мобильді қосымшадағы атауын баптау арқылы өзгертуге болады.

«Битва стартапов -2017» байқауы

Алматыда өткен «Битва стартапов» байқауында үздік деп танылып, 15 сәуір күні Киевте өтетін «Microsoft Imagine Cup — 2017» байқауына жолдама алдық. Microsoft өкілі Левон Оганисян жобамызды таныстырғанда, бірден: «Сұрақ жоқ!» — деді.  Жобамызды «қызық әрі оңай екен» деп бағалап, халықаралық деңгейге шығаруға болатындығын жеткізді.

Imagine Cup байқауына көбіне ойындар ұсынылады. Алғашында Ontime жобасы құрылғы болғандықтан, «шартқа сай келмес» деп ойладық. Алайда жеңіс бізге бұйырды. Басында жобаның формуласын ғана жасап жүрген едік. Байқау туралы естігенде, бірнеше күннің ішінде құрылғының прототипін жасап шығардық.

Гаджеттің құрылымы

Гаджеттің ішінде STM32 контроллер бар. Құрылғы акселерометр, магниттік датчиктерді қолдана отырып, кеңістікте өзінің бағытын табады. Бағыттың координаталары қабылданып, фигураның қай жағы қарап тұрғандығы анықталады. Бұл ақпараттар bluetooth арқылы мобильді қосымшаға жіберіледі. Қосымша ары қарай ақпаратты өңдей береді. Оған тек датчиктердің ақпараты келеді. Қалған есептеулердің барлығы соның ішінде орындалады. Моделді 3D принтері арқылы жасап шықтық. Өнімнің бір грамының құны 200 теңгені құрайды. Алдағы уақытта краудфандингтерге қатысып, қаржы жинап, гаджет формасын Қытайдан жасатуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта құрылғының өзіндік құны 9000 теңгені құрайды, егер Қытайдан осы моделді жасатар болсақ, гаджет формасының өзіндік құны 200-300 теңгеге дейін түсіп қалуы мүмкін. Ал қазіргі уақытта қызығушылық танытқан адам ontime.bz сайты арқылы гаджетке тапсырыс бере алады.

Алдын ала сауалнама жүргіздік. Қорытындысы бойынша, Ontime-ға компьютермен көп жұмыс істейтін қызметкерлер және жастар көп қызығушылық танытты. Жастардың басым көпшілігі уақытты басқарып үйренбеген. Оның үстіне әлеуметтік желілер уақытты меңгеруге көп кедергі жасауда.

Жастардан жиі байқаймыз. Көбінде идея бар, бірақ іске асырмайды. Сенімділік жетіспейді. Біз де «Microsoft байқауынан өтіп кетеміз» деп ойламадық. Сөйтсек, барлығы — өзіміз сияқты жастар.

Ontime, ҚазҰУ студенттері
Солдан оңға қарай: Жансай Асанәлі, Құланов Исмаил, Ешмұратов Бағдат, Каримов Әділет, Мамбетниязов Кутлымурат.©SZH.kz

Мамбетниязов Кутлымурат — серверлік өңдеуші, Жансай Асанәлі — iOS, Ешмұратов Бағдат — Android бағдарламасын құрастырушы. Осы үшеуміз Ontime-ның негізгі концепсиясын жасадық. Ал Құланов Исмаил — жоба менеджері, Каримов Әділет маркетолог қызметін атқарады. Командамыздың менторы — кәсіпкер Арман Тосканбаев.

Бір жылдай уақыт бұрын «Туынды» компаниясын құрдық. Осыған дейін бірнеше жобаларды жасап үлгердік. Солардың ең қызықтылары ретінде қонақүйлерді автоматтандыратын CRM және кері байланысты оңтайландыратын Leadmotion жобасын атасақ болады. Бұл жобаларға да тұтынушылардан сұраныстар түсуде.

Бағдарлама құрастырушы болу үшін қандай білім қажет?

Бағдарламалаушы болу үшін математикалық-аналитикалық ойлау керек. Ол — компьютердің тілінде сөйлейтін адам. Сол себепті бағдарламалаушының түсінігінде математикалық негіздер болуы керек. Ал компьютер тек есепті түсінеді. «10 мың алтын сағат» теориясымен толықтай келісеміз. Егер адам күніне бағдарламалаумен 8 сағат айналысып, жұмыс істеу уақытын 10 мың сағатқа жеткізсе, ол өте жоғары деңгейдегі маман болып шығады.

Ontime, ҚазҰУ студенттері
©SZH.kz

Белоруссия бағдарламалаушыларын үлгі тұтамыз. Олар жақында Uber-дің аналогы, Juno жобасын, жасап шығарды. Мұндай бағдарламалар өте көп болса да, олар өз нұсқасын дайындады. Қорықпады. Тәжірибе ретінде Нью-Йоркте қолданып көрді. Жобаға бірден Uber, Gett компанияларынан ұсыныс түсті. Нәтижесінде Gett компаниясы жобаны 250 млн долларға сатып алады. Олар бар болғаны мобильді бағдаралама мен сервер арасын байланыстырып, жақсы ұйымдастыра білді. Соның арқасында осындай табысқа жетіп отыр.

Студенттердің Ontime жобасына қатысты әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, механика-математика факультетінің аға оқытушысы Аманжол Тоқтамұлынан пікір алған едік. PhD докторының айтуы бойынша, Ontime жобасы тек Қазақстанда емес, шетелдерде де жақсы бағаға ие болмақ. 

— Ontime жобасы — заманауи идеяға негізделген, өте қарапайым. Дәл осыған ұқсас Indiegogo краудфандингіне шыққан бір жобаны білемін. Алайда оның ешқандай интеллектуалдық идеясы жоқ. Бар болғаны алты жағына әртүрлі атаулар жазылған фигура. Адам «мен қазір не істеймін?» деп, әлгі фигураны лақтырады. «Демал» немесе «шай іш» деген жағы түссе, ол соны орындайды. Осыған қызыққан адамдар болды. Жоба 5000 доллар жинады. Ал Ontime жобасының идеясы өте сәтті. Әсіресе шетел азаматтары осындай ақылды гаджеттерге қатты қызығатынына сенімдімін, — дейді информатика маманы Аманжол Тоқтамұлы.

Сұхбаттасқан  Ақжарқын Қыдырханова

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!