13 сәуір күні Маңғыстау облысындағы «Бозжыра» шатқалында жаңа туристік жобаның алғашқы қазығы қағылды. Заманауи үлгіде салынатын визит-орталықта келушілер орталығы, этно-кафе мен глэмпиңдер бой көтермек. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Жобада 17 глэмпиң павильоны, 50 қонақүй бөлмесі, жалпы аумағы 450 шаршы метр болатын визит-орталық пен этно-кафе қарастырылған.
Кешен құрылысы елдегі инвестор — Pana Asia ЖШС-нің жеке қаржысына салынады. Жоба авторларының айтуынша, визит орталығы экологиялық талаптарға және тұрақты туризм принциптеріне толықт сай келеді.
Визит-орталық қоршаған ортаға зиян келтірмейтіндей етіп жобаланған. Биологиялық тазарту жүйелері, қоқысты сұрыптап жинау, күн энергиясын қолдану сынды шешім көзделіп отыр. Қазақтың ұлттық тағамдары мен құндылықғын насихаттауға да мән береміз, — дейді жоба жетекшісі Сәуле Жаңабаева.
Өңірдің туристік әлеуетін ілгерілетуге бағытталған кешен 2027 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Бозжыра шатқалына барар жол бойында қызмет көрсету орталығы да салынып жатыр. Аумағы — 12 гектар. Онда туристерге арналған ақпарат жазылған тақталар, қоғамдық тамақтану орны мен шағын демалыс қалашығы қарастырылған. Бұл нысан 2026 жылы ашылады.