2025 жылғы 14 сәуірден бастап еліміздің барлық өңіріндегі 125 теміржол вокзалын жаңғырту басталды. Бұл туралы көлік министрлігі хабарлап отыр.
Модернизация және реконструкция жұмыстары аясында вокзалдардың ғимараты қалпына келтіріліп және жөнделіп, инженерлік жүйе жаңарады. Жөндеу аяқталған соң вокзалдардың өткізу қабілеті артып, заманауи күту залдары, интернет, ақпараттық жүйе мен арнайы сервис пайда болады, – дедікөлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров.
Қазақстан азаматтары мен шетелден келген қонақтар арасында сұранысы көп, туристік локацияларда орналасқан 21 теміржол вокзалы да жөнделеді.
Ірі қалалардағы вокзалдармен қатар, елді мекендер мен шалғай аудандарда орналасқан нысандарды да қамтыдық. Мәселен, Шығыс Қазақстан өңіріндегі барлық бес вокзал, Ақмола облысында 16, Атырау облысында тоғыз, Алматы облысында бес, Ақтөбе облысында жеті, Абай облысында 10, Жетісу облысында сегіз, Батыс Қазақстан өңірінде төрт, Қарағанды облысында 11 және басқа да өңірлердегі вокзалдар жөнделеді, – деді көлік вице-министрі.
Бұл жобаларды іске асырып жатқанда Қазақстан өндіретін материалды пайдалануға басымдық беріледі.