Қасым-Жомарт Тоқаев іс-сапарлап Шымкенте жүр. Ақорда президент қандай мекмелерді аралап көргенінен хабар таратып жатыр.
Мемлекет басшысы сауда-логистика орталығына барды
Президент стратегиялық маңызы зор Батыс Қытай – Батыс Еуропа көлік дәлізіне жақын орналасқан Almaar Logistics сауда-логистика орталығына барған. Көп функционалды кешеннің аумағы — 24 мың шаршы метр. Құрылысына жеке инвестор 14,8 млрд теңге қаржы құйған.
Орталық өнім сақтаудың озық технологиясымен жабдықталған. Тез бұзылатын азық-түлікті ұзақ сақтамай, барынша жедел таратуға мүмкіндік беретін жүйе енгізілген.
Ауыл шаруашылығы өнімдері көрмесін аралап көрді
Қаладағы 50-ге жуық өңдеуші кәсіпорын былтыр 168,5 млрд теңгенің өнімін шығарған.
Жылыжай кешендерін салуға Түркияның Alarko Holding компаниясы 650 млн доллар, ал Польшаның Fabe Polska SP кәсіпорны 136 млн доллар көлемінде инвестиция құюға ниетті.
Жаңадан ашылған Coca-Cola Içecek Kazakhstan зауытына барды
Бұл — озық технологиялармен жабдықталған және автоматтандыру деңгейі өте жоғары кәсіпорын. Жылына 283 млн литрге дейін сусын шығара алады.
Мемлекет басшысы өндіріс барысымен танысқан соң, өңірдің экономикалық өсіміне серпін беретін ірі инвестициялық жобаларды қолдау керек екенін айтты.
Shymkent City саябағын аралап көрді
Қасым-Жомарт Тоқаев Shymkent City шағын ауданына жақын маңдағы жаңа саябаққа барды. Аумағы 20 гектардан асатын паркте сейілдеуге және мәдени-көпшілік іс-шара өткізуге барлық жағдай жасалған. Субұрқақты жасанды тоған, амфитеатр, ландшафтты аллеялар, уоркаут және скейт алаңдары бар.
Саябақта алдағы жылдары 1 миллион түптен астам ағаш отырғызылмақ. Шаһардағы 12 саябақ абаттандырылып, гүлзарлар, Қошқар ата өзенінің жағалауы мен арықтар тазаланып жатыр. Бұрынғы қоқыс полигоны орнында Экопарк салынып жатыр.
Президентке қытайлық Shaanxi Construction Engineering компаниясы ұсынған қоқыс өртеу зауытының жобасы да таныстырылды. Зауыт тәулігіне 1 мың тоннаға дейінгі тұрмыстағы қатты қалдықты қайта өңдеп, электр энергиясын өндіре алады.