Ер адам «Пхукет — Алматы» бағыты бойынша келе жатқан ұшақта тәртіп бұзған. Бұл туралы көліктегі полиция департаменті хабарлап отыр.
ПД мәліметінше, масаң күйдегі Ресей Федерациясының 42 жастағы азаматы салондағы орнында дәрет сындырған.
Әуе кемесі Алматы әуежайына қонғаннан кейін желілік полиция бөлімінің қызметкерлері ұшақ бортындағы қоғамдық тәртіпті бұзған жолаушыны акт бойынша түсіріп, ұстаған. Ол ҚР әкімшілік кодексінің бірден екі бабы, яғни алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келу және ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды және 25 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалады.
2025 жылдың бірінші тоқсанында көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері 21 441 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Атап айтар болсақ, алкогольдік ішімдіктер ішкені немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені үшін — 1 648, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін — 163 факті тіркелді, — делінген хабарламада.