Ерсін Жүсіп — 76 жастағы хореограф. Астана маңындағы Қоянды ауылында тұрады. Әлеуметтік желіде хореографтың баларға би қимылын көрсетіп жатқан видеосы таралып кеткен еді. Ерсін аға қазір ауылдағы мәдениет үйі мен өнер мектебі балаларына би үйретіп жүр. Күнде бас-аяғы 60 балаға би әліпбиін үйретеді. Baribar.kz журналисі Ерсін ағаға хабарласып, қалай хореограф болғанын сұрап, білді.
«Түске дейін 30 балаға, түстен кейін 30 балаға би үйретемін»
Ерсін Жүсіп Астанадан 15 шақырым жердегі Қоянды ауылында тұрады. Отбасымен Арқалық қаласынан көшіп барған. Ауылдағы мәдениет үйінің меңгерушісі ағаның хореограф екенін естіп, клубтағы балаларға би үйретіңіз деп, қолқа салып қоймапты. Аға ақыры көніп әрі өзі жақсы көретін іске қуана-қуана кіріскен. Мәдениет үйі жанында «Болашақ» деген жекеменшік өнер-білім мектебі бар. Оның басшысы Ерсін ағаның клубтағы балаларға би үйрететінін біліп, мектептегі оқушыларға да сабақ беруді сұраған. Сөйтіп, қазір Ерсін аға екі жерде жарты штаттан істеп жүр. Аптасына алты күн тынбай жұмыс істейді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Өткенде сол мектептің 7-10 жастағы балаларын байқауға апарғанмын. Жекменшік байқау еді, балаларым бірінші орын алды. Әлгі видео тарап кеткенін бірнеше күн білмей жүргем, бір күні немерелерім көрсетті. Ұят-ай. Жұрт мені «осынша жасқа келіп, секіріп жүр» деп жатқан болар (күліп). Видеода бидің қадамын санап тұрмын. Музыканы түсінетін балалар ритммен билей береді. Ал түсінбейтіндері менің «бір, екі» дегенімді тыңдап, билейді, — деп бастады әңгімесін.
Ерсін аға қазір балаларға би әліппесін үйретіп жүр. Ауылдағы мәдениет үйінде істеп жүргеніне 1,5 жыл, ал мектепте істеп жүргеніне жарты жылдай уақыт болыпты.

Екі жерде жарты штаттан істейтіндіктен, алты күн түске дейін 30 балаға, түстен кейін 30 балаға би үйретемін. Содан кейін бір бала-бақшаның балаларына сенбі-жексенбі күндері тағы би үйретіп жүрмін. Қатарластарым уақыт өтпейді дейді ғой, ал менің күнім зырылдап өтіп жатыр. Балалармен жұмыс істегеннен рахат табам. Қанша шаршасам да, балалар қимыл үйреніп алғанын көріп, қуанып қалам.
«Теледидар дегеннен көрінбеуге тырысам»
Ерсін ағаның әлжеліден өзін көргенде ұялғанын айттық. Оның себебін биші аға былай түсіндірді:
Теледидар, сахна дегеннен көрінбеуге тырысам. Көрермен сахнадан өзі жас, өзі әдемі адамдарды көргісі келеді. Мен — зейнеткермін. Сахнаға мыжырайған шал шықса, оған кім қызығады? Өткенде ауылда наурыз тойладық. Бір кемпір ән айтамын деп қоймай, ақыры сахнаға шықты. Сол кімге қызық дейсіз? Әркім өзінің орнын, жөнін білгені дұрыс. Балалар жүлде алғанда хореографын шақырады, сонда алғыс хатты алуға жас хореографтарды жіберемін. Біз марапатты уақытында алып қойғанбыз, енді кейінгілерге жол беру керек. Би үйретіп жүргенім ұятты-ау енді, ары кетсе екі жыл істейтін шығармын. Осы балаларға би әліппесін үйретіп кетсем, кәсіби жерге барғанда ненің не екенін біліп тұрады, аяқ-қолы да икемге келіп тұрады, — дейді ол.
Хореограф ауылға жастау мұғалім келсе, орнымды босатып берер едім деп отыр.
Арқалықта жүргенде де көбіне кішкентай топты алып, оларға би әліппесін үйретіп, басқа мұғалімдерге дайындап беретінмін. Жас хореографтар кішкентай топпен жұмыс істегісі келмейді. Осы Қояндыға шәкірттерімді шақырып, орныма мұғалім бол дедім. Алайда айлықты аз көреді, «бұл ақшаны бір тойдан табамыз» дейді.
Ерсін аға қалай хореограф болған?
Ерсін Жүсіп Қостанайдағы пединститутта химия-биология пәнінің мұғалімі мамандығын оқып шыққан. Биді сол оқу орнынан үйренген екен.

Группада 24 қыз, жалғыз ұл болды. Сол ұл мен едім. Институтта оқып жүргенде группамызға бір адам келді де, қыздарды кешкі сағат 7-де ансамбльдің дайындығына шақырды. Маған қарады да, «сен де кел» деді. Барсам, би ансамблі екен. Группадағы қыздар «билемейміз» деп кетіп қалды да, мен қалып қойдым. Сол барғаннан дайындықтан бір де бір рет қалған емеспін. Содан бері есіл дертім — би, — дейді хореограф.
Оқу бітірген соң, Амангелді ауылындағы мектепте химия-биология пәнінің мұғалімі болып екі-ақ жыл істеген. Әрі қарай директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып кетіп, балаларды түрлі өнер байқауына дайындайтын.
Ол заманда партияның айтқаны заң. Амангелді деген ауылдағы мектепте істеп жүрген жерімнен аудандағы мәдениет үйінде биден үйірме ашуға жіберді. Екі жұмысты қатар алып жүрдім. Кейін Арқалыққа көштік те, мұғалімнің жұмысынан толық қол үздім. Қаладағы мәдениет сарайында зейнетке шыққанша хореограф болып істедім. Кейін ансамбль құрдым, — дейді өзі.
Ерсін ағаның айтып отырғаны — «Ақбота» би ансамблі. 2005 жылы Ерсін аға хореографы болып тұрғанда ансамбльге «халық би ансамблі» деген атақ берілген. Бұл атақты бес жыл сайын қорғап тұрған. Кезінде ансамбльде билегендер Алматыдағы «Салтанат» би ансамблінде, Астанадғы «Наз» мемлекеттік би театрында, «Шалқыма» халық би ансамблінде істейді, Қостанайдағы пединститутта хореограф болып жүр.
Биді керемет жақсы көрем. Былайша айтқанда, бимен «ауырамын». Үйдегілер, әйелім, бала-шағам маған «Мұның не?» деген емес. Биден жамандық көргенім жоқ. 76-ға келіп, қарғып, секіріп жүргенім осы өнердің арқасы.
«Балаларға қазақ биін үйретемін»
Ерсін аға балаларға о бастан халық биін үйретіп келеді. Өзі студент кезде мажар, украин, румын, украин сияқты өзге ұлттық билерін билепті.
«Ақбота» ансамблі репертуарының 90%-ін қазақ биі қылдым. Қазақ билерін жақсы көрем. Содан кейін құр билеп кетпей, сюжет қойып, билеткенді ұнатамын. Мысалы, ансамбльде «Мәңгүрт туралы аңыз» деген би қойдым. Сахнаға анасы мен ұлы шығып, шешесі баласына тақиясын кигізіп жатады. Сол кезде төтеден жау келіп қалып, ұлды сүйреп алып кетеді. Әлгі жау баланы сабап-сабап, мәңгүрт қылып жібереді. Ақыры соңында ұл шешесін танымай, оны садақпен атып өлтіреді. Содан соң бақырып, жылайды. Екі қатар, үш қатар тұрып алып бірдей қимыл жасағаннан гөрі, жұртқа айтары бар осындай би жақсы, — дейді ол.

Хореограф қазіргі кішкентай балаларға «Мұра» деген сюжеттік биді үйретіп жүр екен. Сахнаға әже шығып, немере қыздарына сақина, алқа сияқты әшейкейін таратады.
«Қатарластарым хореограф екенімді білмейтін, енді біліп алды ғой»
Ерсін аға хореограф болып істейтінін ешкімге айтпайтын. Байқаудың видеосы тараған соң, бүкіл дос-жараны біліп алып, мазақтап жүр екен.
Сенбі-жексенбі күндері жұмыстан шыға алмай, той-томалақ дегендерге бара алмаймын. Дос-жаранға «ауырып қалдым» деген сияқты сылтау айтатынмын. Енді «ауырмағанымды» біліп қойды. Бұрын мәдениет үйінде істегенімді біледі ғой. Енді «Сен әлі жүрсің бе, әй?» деп мазақтап жүр (күліп).
Келер жылы Ерсін ағаның мектеп бітіргеніне 60 жыл толады.
Қарап отырсам, қатарластарымның бәрі дерлік нағыз шал-кемпір болыпты. Мен жұмысқа автобус-таксимен емес, жаяу барып, жаяу қайтам. Барып келуіме 40 минут-1 сағат кетеді. Барып-келгенше қиялданып, би сюжетін ойластырам. Дайындыққа барғанда балалармен екі сағат бірге қарғып жүрем. Кішкентай балаларға бидің қимылын көрсетпесең, түсінбейді. Кәсіби ансамбльдерде қимылды ауызбен айтып тұра бересің, бишілер айтқаныңды түсініп, істейді, — дейді биші аға.
«Сахнағы соңғы рет 71 жасымда немерелеріммен билеп шықтым»
Ерсін ағаның төрт ұл, бір қызы бар. Жолын кенже ұлы мен келіні қуған екен. Ұлы Қанат Алматыдағы Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы колледжін, келіні Элина Уфадағы оқу орнын бітірген. Қазір екеуі де ішкі істер министрлігі ансамблінде билейді.

Ерсін аға жастау кезінде тұңғыш қызы Алтынмен билеп, әкелі-балалы Қазақстан мен шетелді біраз аралап шыққан. Қызы кейін бой жеткен соң, ұялып, сахнаға шықпай қойыпты. Ерсін аға да содан бері сахнада көп билей қоймапты.
2020 жылы немерелерімен бірге Қостанай қаласында 8 наурыз мерекесіне арналған концертке қатысқан. «Сахнаға биші ретінде соңғы шыққаным осы» дейді.
Әйелдер күніне арнап концерт қояды екен. Сахнаға кіл ер адамдар шығады деген соң, облыстың мәдени басқарма басшысы «билеңіз» деп қоймады. Сосын төрт немереммен қазақша би билеп шықтық. Сахнаға соңғы рет билеп шыққаным сол, — дейді Ерсін аға.