Оралдағы Жоғары инженерлік-технологиялық колледжінде Жұмысшы мамандықтар жылына арналған іс-шаралар аясында «Табиғат пен технологияның үйлесімі: балық шаруашылығы саласындағы серіктестіктің келешегі» атты тақырыпта маңызды кездесу ұйымдастырылды.
Бұл кездесу балық шаруашылығы саласына қызығушылық танытқан студенттер үшін үлкен мүмкіндікке айналды.
Іс-шараға QOS OZEN жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Батыс Қазақстан облысының жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының өкілдері қатысты. Кездесудің басты мақсаты – студенттерге балық шаруашылығы саласындағы заманауи технологиялар, өндірістік үдерістер және болашақтағы кәсіби бағыттар туралы жан-жақты мағлұмат беру болды.
Кездесу барысында студенттер өздерінің кәсіби болашағына байланысты өзекті сұрақтарын қойып, сала мамандарынан нақты әрі пайдалы жауаптар алды. QOS OZEN ЖШС басшысы Нұрсейтов Нұрбек Мұсаұлы балық өсіру, оның биологиялық ерекшеліктері, экологиялық маңыздылығы мен экономикалық тиімділігі жайында кеңінен әңгімеледі. Сонымен қатар саладағы заманауи технологияларды енгізу мен автоматтандыру үрдістеріне де ерекше тоқталды.
Кездесудің ең маңызды бөлігі – Жоғары инженерлік-технологиялық колледжі мен QOS OZEN ЖШС арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды. Бұл келісім теңдік пен өзара тиімділік қағидаттарына негізделе отырып, Қазақстанның балық шаруашылығы саласы үшін жоғары білікті кадрлар даярлауға бағытталған.
Меморандум аясында колледж студенттерінің кәсіптік практикасын ұйымдастыру, арнайы пәндер оқытушыларына өндірістік тағылымдамадан өтуге мүмкіндік жасау, колледж түлектерін тікелей жұмыспен қамтуға ықпал ету, балық шаруашылығы саласындағы ғылыми-зерттеу жобалары мен инновациялық бастамаларды бірлесе жүзеге асыру бойынша нақты жұмыстар жүргізу көзделіп отыр:
Бұл ынтымақтастық студенттерге өз білімін тәжірибе арқылы нығайтуға, ал кәсіпорынға – болашақ мамандарды ертерек танып, даярлауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл серіктестік экология мен ауыл шаруашылығының маңызды салаларының бірі болып табылатын балық шаруашылығының тұрақты дамуына үлес қосады.
Іс-шараға қатысқан студенттер мен оқытушылар үшін кездесу өте пайдалы әрі шабыттандырушы болды. Олар өз мамандықтарының маңыздылығын терең түсініп, еңбек нарығындағы сұраныс пен кәсіби мүмкіндіктер туралы нақты көзқарас қалыптастырды.
Айта кету керек, Жоғары инженерлік-технологиялық колледжі бүгінгі таңда «Балық шаруашылығы» мамандығы бойынша 200-ден астам түлекті түлеп ұшырған. Бұл түлектер еліміздің түкпір-түкпірінде және шетелдерде балық шаруашылығы саласында табысты еңбек етуде. Олардың көпшілігі өз кәсібін дөңгелетіп, саланың дамуына өз үлесін қосып жүр. Бұл колледждің сапалы білім беріп қана қоймай, түлектерінің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыра алатынын көрсетеді.
Жоғары инженерлік-технологиялық колледжі алдағы уақытта да түрлі өндірістік мекемелермен тығыз байланыс орнатып, болашақ мамандарды еңбек нарығына сапалы дайындауды жалғастыра бермек.