Қазақстанға келетін туристерге қажет қызметті брондауға арналған QR-код жүйесі барлық әуежай мен шекара бекетінде болады.
Бұл туралы туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеп отыр.
Қазақстанға келетін туристер кей кезде такси, байланыс, валюта айырбастау сияқты қызметтерден алданып жатады.
Оның алдын алу үшін QR-код жүйесі жасалды. Оның ішінде такси, электронды SIM-карта, қонақ үй брондау, негізгі ақпарат пен тіркелу қызметтері жинақталды. Бұл QR-кодтар еліміздің төрт қаласында, яғни Астана, Ақтау, Түркістан және Шымкент қалаларында орналастырылған, — деді Ербол Мырзабосынов үкіметтің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, қазіргі кезде аэропорттар QR-кодтарды орналастыру үшін қосымша қаражат сұрап отыр.
Осыған орай тәжірибені кең тарату үшін тиісті әкімдіктер мен көлік министрлігінің қолдауы қажет. QR-кодты барлық әуежайға, вокзал мен шекара өткеліне орналастыру керек, — деді министр.