Ұлытау облысында 16 мың тонна марганец рудасын заңсыз өндірген жергілікті тұрғынға қатысты үкім шығарылды, деп хабарлайды ҚМА.
Оған жер қойнауын рұқсатсыз пайдалану және қылмыстық табысты заңдастыру фактісі бойынша айып тағылды.
Күдікті 2020-2023 жылдар аралығында «Шығыс Қаражал» карьерінен марганец рудасын лицензия мен жер қойнауын пайдалану келісімшартынсыз заңсыз өндірген. Нәтижесінде алынған руданың көлемі 16 мың тоннадан, ал мемлекетке келген шығын 1,1 миллиард теңгеден асты, — деп жазылған хабарламада.
Қылмыстық табысты заңдастыру мақсатында ол жалған келісімдер жасап, өзіне бақылаудағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер арқылы өңделген темір-марганец рудасын сатқан.
Сауданың нәтижесінде қылмыстық табыс 3,5 миллиард теңгеден асты.
Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сонымен қатар оның 97,8 миллион теңгеге бағаланған мүлкі, соның ішінде бес автокөлік пен ауыл шаруашылығы қожалығы тәркіленді, — делінген хабарламада.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.