Екібастұз төтенше жағдайлар басқармасының бастығы мен оның орынбасары және кәсіпкерге қатысты үкім шықты. Бұл туралы облыстық сот хабарлап отыр.
Лауазымды тұлғалар кәсіпкердің кәсіпорнымен мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет көрсету шарттарын жасасқаны үшін 7,4 миллион теңге көлемінде бірнеше рет пара алған.
Сот үкімімен Екібастұз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Куконев жеті жыл алты айға, ал оның орынбасары Майманов пен кәсіпкер Жұмашев жеті жылға бас бостандықтарынан айырылды. Сонымен қатар олар өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан айырылды, — делінген хабарламада.
Бұдан басқа Куконев «азаматтық қорғаныс полковнигі» ал Майманов «азаматтық қорғаныс майоры» атағынан айырылды.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.