Басты бетЖаңалықтарАрабша жазуы бар ту ұстап, суретке түскендерге сот үкімі шықты

Арабша жазуы бар ту ұстап, суретке түскендерге сот үкімі шықты

Желіде жүзін жасырып, қолына арабша сөздер мен қылыш бейнеленген Қазақстан туын ұстаған қыздардың суреті таралып кетті.

Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты Қазақстан Республикасының туы жанында даулы суретке түскен үш қыздың ісін қарады.

Сот 2025 жылғы 23 наурызда Атырау қаласындағы Мұз айдыны сарайында Н., А. және кәмелетке толмаған Х. деген азаматшалар Қазақстан Республикасының туы фонында араб жазуы бейнеленген суретке түсіп, оны әлеуметтік желі арқылы таратқанын анықтаған. Бұл әрекет ұсақ бұзақылық деп танылды.

Қыздардың кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама, сурет, рапорт және басқа да іс материалдары арқылы толық дәлелденді. Сот құқық бұзғандарды Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі бойынша (ұсақ бұзақылық) кінәлі деп тапты.

Азаматша Н.-нің жазасын ауырлататын мән-жай ескерілген: ол кәмелетке толмаған адамды әкімшілік құқықбұзушылыққа тартқан және топ болып құқық бұзған. Осыған байланысты ол 15 тәулікке қамауға алынды.

Құқық бұзған А.-ға 78 640 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Ал кәмелетке толмаған Х.-ның заңды өкіліне 39 320 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Қазақстанда мемлекеттік рәміздерді қорлаған адамға заң бойынша 3000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу (2025 жылы 11 796 000 теңге) немесе 900 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Бір айта кетерлігі, суреттегі Сауд Арабиясы туының элементтері бар Қазақстан туы әлеуметтік желіде ашық сатылымда жүргені белгілі болды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да