Қарағандыда жеңіл көлік тротуарға шығып кетіп, екі адамды қақты. Бір адам оқиға орнында қаза болды.
Бұл туралы Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Оқиға 31 наурыз күні шамамен сағат 23:00-де Бұқар жырау даңғылы бойында болды. Audi автокөлігінің жүргізушісі Дүйсенбеков көшесіне қарай бағыт алып келе жатып, жылдамдық режимін асырып, көлікті басқара алмай, жаяу жүргіншілер жолына шығып кеткен.
Жол апаты салдарынан әйел оқиға орнында қаза болды, ал екінші адам, сонымен қатар автокөлік жүргізушісі мен оның жолаушысы түрлі жарақаттарымен облыстық клиникалық ауруханаға жеткізілді, — делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Қарағанды облысы полиция департаменті жүргізушілерді жылдамдық режимін және жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады.