Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішін əуеден бақылап, Сырдария, Арыс өзендерінің аңғарын шолып шықты. Сондай-ақ ол облыстық деңгейдегі сала жетекшілерінің қатысуымен көшпелі жиын өткізді. Жиында су тасқынына қарсы атқарылып жатқан жұмыстардың барысы тыңдалды.
«Келешекте су тасқынының болдырмау және көктемгі мезгілдегі тасқын суларды тиімді пайдалану үшін табиғи ыңғайлы сайларды тоған ретінде қолдануға, тиісті бөгеттерді салуға қала, аудан әкімдері мен тиісті мекемелер нақты ұсыныстар енгізсін.Тасқын болуы мүмкін өзен аңғарларына жақын маңға қора салынбауын да қадағалау қажет»,- деді Жансейіт Қансейітұлы
Қазіргі таңда тасқын судың алдын алу үшін Шардара, Отырар, Арыс аудандары мен Түркістан қаласы аумағында 4300 метр уақытша қорғаныс дамбалары тұрғызылып, 44500 дана құм толтырылған қаптар қойылыпты. Осы жұмыстарға жергілікті атқарушы органдардан 400, төтенше жағдайлар департаментінен 195 адам және 72 техника жұмылдырылған.
Облыстық ТЖД бастығы Нұрболат Дербісовтің айтуынша, 467 адам, 60 арнайы техника және 10 жүзу құралдары дайындыққа келтірілген. Бұл жергілікті атқарушы органдарымен Сырдария өзенінің арнасына Өзбекстан Республикасынан секундына жалпы көлемі 1500-ден 2000 м3/сек дейін су тасталғанда болуы мүмкін су тасқыны жағдайына есептелген. Бір жарым ай көлемінде жүргізілген ауқымды жұмыстардың нәтижесінде облыс көлемінде елді мекендерді су басулары орын алмай, үлкен су қауіпсіз өткізілуде.
Сондай-ақ, ТЖД мамандары «Қазгидромет» РМК орталығынан күнделікті мәліметтер алып, облыс аумағындағы көктемгі су тасқыны жағдайына мониторинг, болжау жұмыстарын тоқтаусыз атқаруда.