Қазақстан мен Словения бизнес кеңесін құру қажет. Бұл туралы Ақордада елімізге ресми сапармен келген Словения президенті Наташа Пирц-Мусармен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Қазір ғана өте жемісті келіссөз өткіздік. Тіпті халықаралық ахуалға қатысты өте сезімтал секторлар да талқыға түсті. Әрине, біз барынша оң нәтижеге қол жеткізуге бағытталған бірлескен күш-жігерден, сонымен қатар өзара ынтымақтастықтан айнымаймыз. Словения біз үшін Еуропадағы өте маңызды серіктес саналады және мен атап өткен барлық аспектіге қол жеткізу үшін барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз. Осыған байланысты ертең бизнес форумға барып, сіздердің бизнесмендеріңіздің, сонымен қатар қазақстандық бизнесмендердің алдында еліміздегі бизнес-қоғамдастықтардың өнімдерін ұсынбақпын, — деді президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Словения президентімен шағын құрамдағы келіссөз барысында алдағы ынтымақтастық үшін сауда мен инвестиция, атом энергетикасы, транзит және логистика, жаңаратын энергия көздері мен жасыл өсім, денсаулық сақтау, цифрландыру, туризм сынды маңызды салалар аталған.
Олардың қатарында мұнай мен газдың да ынтымақтастығымыздың басты әрі маңызды аспектісі болуы тиістігін дұрыс атап өттіңіз. Біз Қазақстанда Словения бизнесі үшін қолайлы жағдай жасауға, реттеушілік, ашықтық, инвестициялық қорғаныс және экономиканы әртараптандыруды қоса алғанда аса маңызды жобаларды қолдануға ниеттіміз. Мен тұрақты негізде жұмыс істейтін бизнес кеңес белгілеуді немесе құруды ұсындым. Бұл келешектегі жұмыс үшін аса маңызды қадам болар еді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.