28 наурызда Оңтүстік-Шығыс Азияда орналасқан Мьянма республикасының орталық бөлігінде жер сілкінді. Магнитудасы — 7,7, тереңдігі — 10 шақырым. Кейінгі мәлімет бойынша, жер сілкінгеннен 2028 адам қаза болған. Жер сілкінген аймақ туралы кейінгі ақпаратты ұсынып отырмыз.
Жер сілкінісінің эпицентрі Мандалай қаласынан 17 шақырым жерде болған. Бұл қалада 1,2 миллионға жуық халық тұрады. Мянманың ресми БАҚ-тары жер сілкінегеннен 1700 адам қаза болды деп хабарлаған еді. Алайда The Wall Street Journal 2028 қаза болды деген ақпарат таратты.
Жерасты дүмпулері елдің ең ірі қаласы Янгонда, көрші Таиланд астанасы Бангкокта дүрбелең тудырған. Жер сілкінгенін Үндістан, Лаос, Қытай және Бангладеш тұрғындары да сезген. Бангкок пен Мьянманың бірнеше қаласының халқы жаппай эвакуацияланған. Бангкокта салынып жатқан көп қабатты ғимарат түгелімен құлаған видео тарады. Құтқарушылар үйінді астында қалған 76 жұмысшыны іздеп жатыр. Әзірге 18 адамның денесі табылған. Билік, өкінішке қарай, қаза болғандардың саны артады деп отыр.
Қызыл Крест ұйымы жер сілкінген соң электр желілері құлап, Мандалай, Сагайна және оңтүстік Шан штатындағы экипаждардың жұмысына кедергі келтіріп жатқанын хабарлап жатыр. Сагайнада тұрғанына 90 жыл болған көпір құлап, Мандалай мен Янгонды байланыстыратын тасжолдың бөліктеріне зақым келген. Нейпитауда діни ғибадатханаларға зақым келіп, олардың кейбіреуі қираған, тұрғын үйлер де үйінді болып жатыр.
БҰҰ елдің орталық аймақтарында тұратын зардап шеккен 23 мың адамға шұғыл түрде гуманитарлық көмек жіберді. Үндістан, Қытай, Таиланд, Малайзия, Сингапур және Ресей қазірдің өзінде құтқарушылар мен гуманитарлық көмек жіберген. АҚШ жергілікті ұйымдар арқылы 2 миллион доллар көмек бермек.
Мьянмада 2021 жылы төңкеріс болып, билікті әскери хунта басып алған еді. Содан бері елде азамат соғысы тоқтар емес. Соғыс Мьянмадағы кейінгі 100 жылдағы ең ауыр жер сілкінгеннен зардап шеккендерге көмек беруді қиындатып отыр. Көтерілісшілердің ақпаратына қарағанда, әскер, тіпті, қазірдің өзінде ауылдарға әуеден шабуыл жасап жатыр.
Мичиган университетінің геология ғылымының құрметті профессоры Бен ван дер Плюйм Мьянмадағы жер сілкінісінің себебін былай түсіндірген.
Мұның себебі — Үнді субконтинентінің шамамен 100 миллион жыл бойы солтүстікке қарай жылжып келе жатқан Үнді тақтасында орналасқаны. Дегенмен шамамен 40 миллион жыл бұрын Үндістан Еуразиялық тақтаға қосылып, Еуразиялық тақтаға солтүстікке қарай жылжи берген. Бұл қозғалыс бүгінгі Оңтүстік-Шығыс Азиядағыдай жер сілкінісі кезінде бөлінетін энергияны сақтайды, — деді Плюйм.
Елде бір апталық аза тұту уақыты жарияланды. Бұл — Мьянмада кейінгі 100 жылда болған ең ауыр жер сілкінісі.