Алматы облысында зираттың құлыптастарын қиратқан күдікті ұсталды. ПД бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады.
Журналист Диас Нұрақын әлеуметтік желіде Көлсай түбіндегі Саты ауылында ер адам моланың құлыптастарын қиратқанын жазды.
Осы ауылдың бір жігіті «дінімізге қайшы» деген желеумен зиратты талқандап тастапты. Өлген адамдардың құлыптастарын қиратып, жан-жаққа лақтырып кеткен. Жақындарының қабірі қорланғанын көрген аядай ғана ауыл тұрғындары ашулы, — деп жазды ол.
Алматы облысының полиция департаменті вандализм фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелгенін хабарлап отыр.
Күдікті ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік желілерде күдіктінің салафизмнің діни ағымына қатысы туралы таратылған ақпарат алдын ала тексеру барысында расталмады. Тергеу әрекеттері аяқталғанға дейін мерзімінен бұрын қорытынды жасаудан және тексерілмеген мәліметтерді таратудан бас тартуды сұраймыз, — деп хабарлады полиция департаментінен.