2025 жылғы 23 наурыз күні Орал қаласының аумағында «Тазару» күніне орай ауқымды сенбіліктер өтті. Бұл шаралар «Наурызнама» тұжырымдамасы және республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылды.
Сенбіліктердің басты орындарының бірі «Агрореммаш» зауытының маңындағы «Халықтар достығы» саябағы болды. Сенбілікке Орал қаласының әкімі М.Байменов пен қалалық әкімдіктің қарасты құрылымдық бөлімшелер қатысты.
«Тазару» күні «Наурызнама» мерекелік шараларының маңызды бөлігіне айналды. Біз қаламыздың күннен күнге таза және көрікті болуын қалаймыз. Бүгінгі таңда жастар осындай акцияларға белсенді қатысып, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігін түсінуде. Сенбіліктер тек тазалық жұмыстары емес, сонымен қатар халықты бір-бірімен жақындастыратын, бірге еңбектеніп, қаламызды жайлы әрі әдемі ете алатынымызды көрсететін шара», — деді Орал қаласы әкімдігінің жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Д.Жүсіпқалиев.
Бүгінгі күні Орал қаласында өткен санитарлық тазалық жұмыстарына 59 мыңнан астам тұрғын мен 1600-ге жуық мекеме мен кәсіпорын қатысқан. Акция аясында 8 мыңнан астам аула, соның ішінде 1003 көпқабатты тұрғын үйдің және 7 мың жеке тұрғын үйдің аумақтары тазартылды. 92 саябақ пен скверді абаттандыру жұмыстары жүргізілді, 25 мыңнан астам ағаш көшеттері отырғызылды. Сонымен қатар 2400-ден астам тротуар плиталары жөндеуден өтті.
Облыс бойынша әлеуметтік нысандар мен мәдени мұралар аумағын тазартуға ерекше көңіл бөлінді. 489 әлеуметтік нысан мен 127 тарихи-мәдени ескерткіштердің аумақтары тазартылды. Экологиялық іс-шараларды жүзеге асыруға 725 техника жұмылдырылып, 24 700 тонна қоқыс шығарылды.
Сонымен қатар, заңсыз қоқыс тастау орындарымен күрес аясында «Ғарыш сапары» АҚ анықтаған 77 үйіндінің 61-і жойылып, қалған 15 қоқыс үйінділерін жою жұмыстары жалғасуда.
«Таза Қазақстан» акциясы мен «Тазару» күні экологиялық мәселелерді шешуде халықтың қатысуының маңыздылығын көрсетті. Қала тұрғындары бірлесіп қаламызды таза және жайлы етуге атсалыса алатынын дәлелдеді.