Ішкі істер министрлігі мопед жүргізушілеріне үндеу жасады. Ведомство мопедтерді тіркеп үлгеру үшін екі аптадай ғана уақыт қалғанын ескертті.
Заң бойынша 5 сәуірден кейін тіркелмеген мопедті басқаруға тыйым салынады. Мұндай құқық бұзушылық анықталған жағдайда Әкімшілік кодекстің 590-бабының 2-бөлігіне сәйкес жауапкершілік көзделеді. Қазіргі уақытта республика бойынша 8 527 мопед тіркелді. Оны тіркеу үшін тұрғылықты жері бойынша арнайы халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну қажет, — деді департамент бастығы — ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Өзіңізбен бірге келесі құжаттарды алу керек: жеке басты куәландыратын құжат, электрон түрі де жарайды, техникалық құжат немесе мопедтің техникалық сипаттамалары туралы мәліметтер. Өтінішті толтырып, мопедті тексеруден өткізіп, көлік құралын тіркеу, тіркеу туралы куәлік және мемлекеттік нөмір алу үшін мемлекеттік баждарды төлеу қажет.
Тіркеуді кейінге қалдырмаңыздар! Өзіңіз үшін «жағымсыз салдардан» аулақ болу үшін мопедті заң талаптарына сәйкес келтіргеніңіз абзал, — дейді Шыңғыс Алекешов.