Алматыда Наурыз мейрамы кең көлемде тойланады. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Ашық аспан астындағы ауқымды концерттер, спорттық жарыстар, жәрмеңкелер мен түрлі іс-шаралар «Көктөбе» саябағында, Абай алаңында, Панфилов жаяу жүргіншілер көшесінде, Арбатта және Астана алаңында өтеді. Сонымен қатар мерекелік іс-шаралар шаһардың барлық ауданында ұйымдастырылады. Жалпы Алматыда наурызнама аясында 100-ден астам іс-шара өтеді.
21 наурыз күні сағат 11:00-де Астана алаңында «Алматы – Наурыз құшағында» атты негізгі салтанатты концерт өтеді. Сахнада әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблі, Майра Мұхамедқызы, Жанар Айжанова, Өмірқұл Айниязов, Жазира Байырбекова, Игорь Благородный, Төлеген Рахымбаев, «КешYou» тобы, Диная, AyaFunk және басқа да артистер өнер көрсетеді.
«Алатау» дәстүрлі өнер театрының және «Жаңа ғасыр» театрының әртістері, «Алматы әуендерінің» солистері, «Сазген сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамблі де концерттік бағдарлама ұсынады. Сонымен қатар 21-22 наурыз күндері сағат 18:00-де осы алаңда танымал әншілер қатысатын екі күндік Juldyzdy Almaty кешкі фестивалі өтеді.
Одан бөлек 21-25 наурыз күндері сағат 10:00-ден 16:00-ге дейін Абай алаңында мәдени мұра мен заманауи технологияны біріктіретін NauryzFest фестивалі өтеді. Республика сарайының алдында ерекше безендірілген киіз үйлер тігіледі.
«Рухани мұра» киіз үйінде Абай, Жамбыл және Дина ойнаған музыкалық аспаптардың көшірмесі қойылып, концерт өтеді. «Алматыға саяхат» киіз үйінде қонақтар қаланың көрікті жерлерін виртуалды форматта тамашалай алады. Сонымен қатар шебер Марат Бексұлтановтың қолынан шыққан небәрі 20 минут ішінде құрастыруға болатын «Инновациялық киіз үй» орнатылады.