Басты бетЖаңалықтарПрезидент Ұлттық құрылтайда салық реформасына қатысты ойын айтты

Президент Ұлттық құрылтайда салық реформасына қатысты ойын айтты

Президент қоғамда қызу талқыланып жатқан салық реформасына қатысты пікірін айтты. Бұл туралы Ақорда хабарлап отыр.

Мемлекет басшысының сөзінше, салық жүйесі, бұл – бүкіл мемлекеттік жүйенің тірегі. Бюджетте қаржы болмаса, мемлекет өз міндетін толық атқара алмайды, әлеуметтік міндеттемелер де орындалмайды.

Бұл туралы жаңа ғана белгілі экономист Жақсыбек Құлекеев жақсы айтып өтті. Сонымен қатар Құрылтай мүшелері Қайырбек Арыстанбеков, Марат Башимов, Ерлан Саиров, Расул Рысмамбетов және Мұрат Әбенов салық-бюджет мәселесіне қатысты орынды пікір білдірді. Еліміз үшін аса қажет шаралардың мән-маңызын халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру керек. Жұрттың бәрі экономист немесе қаржыгер емес. Мемлекеттің қандай шараны не үшін қолға алып жатқанын бәрі бірдей түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан реформаның мәнін адамға түсінікті тілмен жеткізу керек, — деді президент Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың отырысында.

Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің салық реформасына қатысты ұсынған жаңа тәсілдерін қолдады.

Кәсіби мамандар да, жалпы жұртшылық та қосымша құн салығының мөлшерлемесін көтеру қажеттігіне түсіністікпен қарайды. Дегенмен ұсынылған шараларға, соның ішінде, қосымша құн салығына қатысты сын-пікірлер де естіліп қалады. Бірақ мұндай пайым шынайы ахуалға негізделмеген, — деді ол.

Президент әлемді ауқымды әлеуметтік міндеттеме алмайтын елдердің көп екенін, бірақ Қазақстан бюджет қаржысының жартысынан көбін әлеуметтік салаларды қамтамасыз етуге жұмсайтынын айтып өтті.

Біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан білім беру, денсаулық сақтау салаларына инвестиция салуды жалғастырамыз. Бұл – біздің конституциялық міндетіміз. Бірақ шын мұқтаж азаматтарға ғана көмек көрсетілуі керек. Қызметін асыра пайдалануға, алаяқтыққа жол берілмейді. Сондықтан басымдық берілмеген жобаларға бөлінетін қаржы азаяды. Бұл қажет шара екені айдан анық, — деді ол.

Президент үкіметке осы жылдың соңына дейін оны қалай оңтайландыру керектігін біржола анықтауға тапсырма берді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да