Үшінші тоқсанның аяқталуына санаулы күндер қалды. Көктемгі каникул кезеңі 2025 жылғы 21 наурыз бен 2025 жылғы 31 наурызды қоса алғанда 11 күнге жалғасады.
Бұл туралы оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Министрліктің мәліметінше, мектеп оқушыларының көктемгі демалыстағы бос уақытын тиімді өткізу және жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту мақсатында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында іс-шаралар жоспары жасалды. Сонымен қатар 1-4, 5-9 және 10-11-класс оқушыларына арналған гайдбук әзірленді. Онда әр демалыс күні Наурызнаманың онкүндігімен байланысты және қоғамның маңызды аспектілеріне: отбасылық құндылықтарға, мәдениетке, ұлттық дәстүрлерге, қайырымдылыққа, спортқа мән берілді. Ол бойынша мектептерде бірқатар білім беру, спорттық, мәдени және шығармашылық іс-шаралар өткізу жоспарланған:
• театр фестивальдері мен қойылымдары;
• шеберлік сабақтары;
• қауіпсіздік сабақтары;
• мұражайларға, ғылыми орталықтарға және тарихи ескерткіштерге танымдық экскурсиялар;
• спорттық ойындар;
• қайырымдылық акциялары және басқа да шаралар.
Ең бастысы — балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта ата-аналармен бірге жол-көлік жарақаттарының алдын алуға, мектептің ішкі тәртібін сақтауға, балалардың көшедегі қауіпсіздігіне, үйдегі өрт қауіпсіздігі және киберқауіпсіздікке ерекше назар аударылады, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұл іс-шаралар білім беру ұйымдарына әдістемелік ұсыным ретінде жолданады.