Басты бет Жаңалықтар Алматыда қаржы пирамидасы салымшылардан 12,4 миллиард теңге тартқан

Алматыда қаржы пирамидасы салымшылардан 12,4 миллиард теңге тартқан

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Алматыда қаржылық мониторинг агенттігі бас прокуратураның үйлестіруімен Asar Baspana қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты.

Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Ол тұтынушылық кооператив ретінде жасырынып жұмыс істеген.

Тергеу барысында Туғанбаев Н.М. бастаған пирамида ұйымдастырушылары 86 мыңнан астам азаматтан 12,4 миллиард теңге тартқан, есесіне ай сайын 30%-ке дейін табыс уәде еткен, — делінген хабарламада.

Шын мәнінде нақты бизнес болмаған, төлемдер жаңа қатысушылардың салымдары есебінен жүзеге асырылған. Нәтижесінде Туғанбаев пен оның серіктестері 3,8 миллиард теңге қаражатты заңсыз иеленген.

Күдіктілер салымшыларды адастырып, Алматы қаласында құрылыс материалдарын өндіру, тігін цехы мен тұрмыстық және медициналық техника зауыты жұмыс істеп жатқандығын мәлімдеген. Шындығында өнімдер үшінші тарап жеткізушілерінен сатып алынып Asar Baspana логотипімен таңбаланған.

2024 жылы желтоқсан айынан бастап, пирамидаға деген сенім азая бастаған кезде, ұйымдастырушылар автосалон ашып, ресми дилерлермен әріптестік орнаттық деген жалған ақпарат таратқан.

Пирамиданы әшкере қылатын жағдайлар туындаған тұста, Туғанбаев Н.М. 8 ақпан күні Asar Baspana сайтын техникалық режимге ауыстырған. Бұл қылмыстық әрекетті жасыру мақсатында жасалды.

Алайда тергеу барысында серверлік деректер қалпына келтірілді. Сайт деректеріне сәйкес, Gold деңгейіне жеткен 15,5 мың салымшының біреуіне ғана пәтер берілген. Platina бағдарламасы бойынша 15 мың үміткердің арасынан тек бір салымшыға көлік берілген, — деп жазылған хабарламада.

Exit mobile version