Құрсақтағы нәрестенің бір мүшесі дұрыс дамымаса, оны түзету үшін ұрыққа құрсақ ішінде ота жасалады. Бұл саланы феталды хирургия дейді. Мұндай ота ана мен ұрық ағзасына ең қауіпсізі әрі ашық ота жасауды алмастыра алады. Елімізде феталды хирургия саласы 2023 жылдан бері ғана дами бастады. Содан бері дәрігерлер құрсақ ішіне 35 ота жасап, 32 нәрестені аман алып қалған.
Ырысжан егіз балаға аяғы ауыр еді. Балалардың бойға біткеніне 24 апта болғанда әйелге фето-феталды трансфузиялық синдром диагнозы қойылды. Бұл ұрықтарға біркелкі емес қан барып жатқанын білдіріп, олардың өміріне қауіп төндірген.
Бұл жағдай бірнеше жыл бұрын болса, дәрігерлер мұндай диагнозы бар әйелдерге көмектесе алмайтын еді. Сол Ырысжанның құрсақтағы нәрестелеріне Алматыдағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында феталды ота жасалып, ол сәтті өткен. Егіз бала 31-аптасында дүниеге келген.
Қазақстанда феталды медицина 2023 жылдан бастап қарқынды дами бастады. Сол жылы денсаулық сақтау министрлігі AYALA қайырымдылық қорымен бірлесіп, Алматы мен Астанадағы феталды медицинаның екі бөлімшесіне хирургтер тобын даярлай бастады.
Бұл жобаның табысқа жететініне әуел бастан сендік. AYALA қоры көптеген жылдан бері мемлекетке баланың туғаннан бастап мүгедектік деңгейін төмендетуге көмектеседі. 10 жылдан астам уақыт дәрігерлердің білігін арттырумен айналысып келеміз. Елдегі 2,3 мыңнан астам дәрігер біздің шеберлік-кластарымыз бен курстарымыз арқылы халықаралық сарапшылардан білім алды. Бұл тәжірибе бізге ең қысқа мерзімде үздік практиктерді табуға және Қазақстанда феталды хирургтерді даярлауға көмектесті, — дейді AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаушы және президенті Айдан Сүлейменова.
Екі медициналық орталықта феталды хирургияны енгізу ел медицинасын жаңа деңгейге шығарды. AYALA қоры дәрігерлерді шетелден келген жетекші мамандардан оқытып қана қоймай, Алматы мен Астанадағы феталды хирургияның екі бөлімшесін қажет жабдықтармен жарақтандырған.
2024 жылдың маусым айында Алматыдағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында халықаралық сарапшылардың қатысуымен алғашқы феталды ота жасалған. Былтыр шілдеде Астанадағы «Ана мен бала орталығында» да осындай ота жасалды. Қазір дәрігерлеріміз феталды отаны өз бетінше жасай алады. «Феталды хирургия» жобасының бір жыл ішіндегі жұмысы барысында, Қазақстанда құрсақ ішіне 35 ота жасалып, дәрігерлер 32 нәрестенің өмірін сақтап қалған. Таяу болашақта дәрігерлер жыл сайын 150-ге жуық феталды ота жасай алады.