Жоғарғы сот Алматыда заңсыз салынған нысанды сүру туралы іс бойынша шешім шығарды. Бұл туралы жоғарғы сот хабарлап отыр.
Даудың мәнісі жауапкерлерге тиесілі жер телімінде бекітілген жобаға сәйкес келмейтін бақша үйі салынған. Бұған дейін сот шешімімен бұл учаскеде заңсыз салынған ғимараттарды бұзуға қаулы шығарылған болатын.
Осыған қарамастан жауапкерлер сот актісін орындаудан жалтару мақсатында бірқатар сатып алу-сату мәмілелерін жасап, құрылысты жалғастырған.
Жергілікті соттар уәкілетті органның нысанды салу кезінде (бұзумен) меншік иесінің заңдылықты сақтауына тексеру жүргізбегенін және бұрын салынған ғимараттың бұзылмағаны дәлелденбегенін алға тартып, КММ-нің талап қоюын қанағаттандырудан бас тартқан. Іс кассациялық тәртіпте қаралып, КММ-нің талап қоюын қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылды. Жоғарғы сот салынған нысанның дербес құрылысқа рұқсат етілген өлшемдерден айтарлықтай асып кеткенін және келісілген жобаға сәйкес келмейтінін анықтады, — делінген хабарламада.
Үш қабаттан тұратын тұрғын үй ғимараты белгіленген тәртіппен бекітілген құжаттамадан ауытқып кеткен. Аяқталған құрылыс объектілерін қабылдаудың және пайдалануға берудің заңмен белгіленген тәртібі бұзылып салынған.
Заңсыз салынған ғимаратты бұзу туралы сот актісін орындаудан жалтару мақсатында жасалған бақша үйін сату-сатып алу шарттары жарамсыз деп танылды.