Басты бетҚоғамАуыз ашарда және бекіткенде оқылатын дұға

Ауыз ашарда және бекіткенде оқылатын дұға

Биыл қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы сәресі және ауызашарда оқылатын дұғаны жариялады, деп хабарлайды Baribar.kz.

Ораза жайында

Ораза – мұсылманның бес парызының бірі. Рамазан айы келісімен, ислам дінін ұстанушылар таң атқаннан күн батқанға дейін өзін астан тежейді. Сондай-ақ, оразаны бұзатын амалдардан аулақ жүреді. Ораза уақыты таң намазы кірген сәттен басталып, күн батқанға дейін жалғасады.

Құранда Аллаһ Тағала былай дейді: «Ей, иман еткендер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді» (Бақара, 2/185). Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Ислам бес нәрседен тұрады: Аллаһтан басқа Құдай жоқ екеніне, Мұхаммедтің Аллаһтың құлы және Елшісі екеніне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, Рамазан оразасын ұстау, шамасы келгендерге қажылықка бару» (Бухари, Имам, 34).

Ораза ұстайтын адам міндетті түрде мұсылман және балиғат жасына толған болуы шарт. Жолаушылар мен науқас адамдарға ораза парыз емес.

Құранда олар жөнінде былай дейді: «Ораза санаулы күндерде. Кімде-кім наукастанса, яки жолаушы болса, басқа күндері өтесін». Кәрілік жасқа келіп, Ораза ұстауға шамалары келмеген жандарға Ораза парыз емес. Сонымен катар хайыз, нифас кезіндегі әйелдер және өзі немесе баласына зиян тиюі ықтимал екі қабат әйелдер мен бала емізген әйелдерге де парыз емес. Кәрі адамдар Ораза орнына пидия береді. Олар Оразаның қазасын да өтемейді. Жолаушыға келсек, ол 90 шақырымнан аса жерге жолаушылап шықса, жолаушы саналып, Ораза ұстамауына рұқсат. Бірақ кейін ұстамаған күндерінің қазасын өтейді.

Сәресіде айтылатын дұға:

نَوَيْتُ أنْ أصُومَ صَوْمَ شَهْرٍ رَمَضَانَ مِنَ الْفَجْرِ إِلَى الْمَغْرِبِ خَالِصًا لِلَّهِ تَعَالَى

Оқылуы: «Нәуәйту ән асумә саумә шәһри Рамаданә минәл фәжри иләл мағриби халисан лилләһи таъалә».

Мағынасы: «Таңертеннен кешке дейін Алланың ризалығы үшін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім».

Ауызашарда оқылатын дұға:

اللَّهُمَّ لَكَ صُمْتُ وَ بِكَ آمَنْتُ وَ عَلَيْكَ تَوَكَّلْتُ وَ على رِزْقِكَ اَفْطَرْتُ ذَهَبَ الظَّمَأُ وَابْتَلَّتِ الْعُرُوقُ وَثَبَتَ الْأَجْرُ إِنْ شَاءَ اللهُ

Оқылуы:«Аллаһуммә ләкә сумту уә бикә әәмәнту уә ‘аләйкә тәуәккәлту уә ‘ала ризқикә әфтарту. Зәхәбә Зома уәбтәллатил-‘уруқ уә сәбәтал-әжру ин шәә Алла».

Мағынасы: «Алла Тағалам! Сенің ризалығың үшін ораза ұстадым. Сенің берген ризығыңмен аузымды аштым. Саған иман етіп, саған тәуекел жасадым. Шөл кетті, тамырлар суланды, иншалла, сауабы да жазылды».

Еске сала кетейік, наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 30 наурыз – ораза айт мерекесі. Биыл Рамазан айында мұсылман қауымы 29 күн ораза ұстайды.

Сонымен қатар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде биылғы пітір садақасының мөлшері 655 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да