Басты бетЖаңалықтарБҚО әкімі жұмыс сапарымен Ресей Федерациясының Орынбор облысына барды

БҚО әкімі жұмыс сапарымен Ресей Федерациясының Орынбор облысына барды

БҚО әкімі мен Орынбор облысы вице-губернаторы екі өңір арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Бұл туралы әкімнің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев жұмыс сапарымен Ресей Федерациясының Орынбор облысына барды. Сапар аясында ол Орынбор облысының вице-губернаторы  — үкімет төрағасының экономикалық және инвестициялық саясат жөніндегі орынбасары Игнат Петуховпен кездесті. Кездесуде тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық пен бизнесті дамытудың  негізгі мәселелерін талқылады.

Нариман Төреғалиев Батыс Қазақстан облысының инвестициялық әлеуеті туралы айтып, кәсіпорындардың қолайлы жұмыс істеуі үшін заңнамалық деңгейде бірқатар преференциялар мен жеңілдіктер қарастырылғанын атап өтті.

Сонымен қатар БҚО әкімі екі өңір арасындағы тұрақты әріптестіктің маңыздылығына тоқталып, экономикалық байланыстардың оң динамикасын ерекше атап өтті.

Біздің президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастар берік әрі мызғымас достықтың үлгісі екенін үнемі атап өтеді. 2024 жылғы қаңтар-қараша айларында Батыс Қазақстан облысының Ресей Федерациясымен сыртқы сауда айналымы 681,6 миллион доллар болды, – деді Нариман Төреғалиев.

Бұл өзара ынтымақтастықта Орынбор облысы ерекше рөл атқарады, аталған кезең аралығында екі өңір арасындағы тауар айналымы 12,1 миллион долларға жетті. БҚО-дан Орынбор облысына газ, қара металл сынықтары мен қалдықтары, арпа экспортталса, керісінше, Орынбордан дәнді және сүт өнімдері, бетон мен металл бұйымдары және басқа да жергілікті нарықта сұранысқа ие  тауарлар жеткізіледі.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, бизнес өкілдерін белсенді ынтымақтастыққа шақырамын. Бізде бірлескен жобаларды дамыту үшін қолайлы жағдай жасалған, әрі қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз, – деп атап өтті өңір басшысы.

Сауда-экономикалық мәселелерден бөлек, кездесуде денсаулық сақтау, білім, ғылым, мәдениет, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Орынбор облысы вице-губернаторы Игнат Петухов өзара мүдделі салаларда ынтымақтастық орнатуға қызығушылық білдірді.

Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысының әкімі Орынбор облысының өкілдерін Қазақстан мен Ресей арасындағы XXI Өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысуға шақырды. Форум жаңа бірлескен бастамаларды талқылауға және әріптестік байланыстарды нығайтуға арналған алаң болмақ.

Кездесу соңында тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою туралы уағдаласты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да