БҚО әкімі Нариман Төреғалиев Орынбор облысына жұмыс сапары аясында Орынбор облысының көктемгі су тасқынын өткізу жөніндегі ведомствоаралық комиссия төрағасының бірінші орынбасары Андрей Вязиковпен кездесті.
Бұл туралы БҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Жиынға төтенше жағдайлар департаменті, су шаруашылығы басқармасы және Росгидромет өкілдері де қатысты.
Кездесудің негізгі тақырыбы су тасқыны туралы болжамдар және су тасқыны кезеңінде тараптардың өзара әрекеттесуі болды. Орынбор облысының мемлекеттік органдарының өкілдері облыстағы гидрометеорологиялық жағдай, көктемгі су тасқынына дайындық шаралары және басқа да негізгі аспектілер туралы баяндамалар жасады.
Батыс Қазақстан облысы үшін ең маңызды табиғи нысан әрі негізгі ауызсу және су қамтамасыз ету көзі – Жайық өзені бассейні. Оның бойында 87 елді мекен орналасқан, онда облыс халқының 75%-іне дейін тұрады. Сонымен қатар Жайық өзенінен Орал қаласының шаруашылық-ауыз су қажеттіктері үшін су алынады, — деді Нариман Төреғалиев.
Ол сонымен қатар болжамдар мен су қоймасының көктемгі су тасқынына дайындық деңгейін ескере отырып, су қоймасының жұмыс режимін қалыптасқан гидрологиялық жағдайға сәйкес реттеу қажеттігін айтты. Бұл Жайық өзенінің төменгі ағысындағы су деңгейін көпжылдық орташа көрсеткіштерде ұстап тұруға мүмкіндік береді.
Қазақстандық тарап су аз болған кезде суды ағызуды былтырғы көрсеткіштерден төмен болмау туралы ұсыныс жасады.
Кездесу нәтижесінде тараптар су тасқынына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша тығыз ынтымақтастық, сонымен қатар су тасқыны әрекетінің барлық кезеңінде үздіксіз ақпарат алмасу туралы келісімге келді.