Алматы облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы Талғар ауданында бопсалаумен және тонаумен айналысқан қылмыстық топты ұстады.
Бұл туралы облыстық ПД хабарлап отыр.
Полицияның мәліметінше, қылмыстық схеманың ұйымдастырушысы – Қайназар ауылының 19 жастағы тұрғыны. Ол өз сыбайластарымен бірге құрбандарды әлеуметтік желілер арқылы іздеген.
Қылмыстық топтың құрамындағы 17 жастағы қыз құрбандарымен танысып, кездесуге ұсыныс жасаған. Кездесу кезінде ол өзін еркін ұстап, жігіттің сеніміне кірген. Алайда біраз уақыттан кейін кенеттен «ағаларымыз» деп таныстырған бір топ жас жігіт келіп, жәбірленушіні бопсалайтын болған. Олар жыныстық қатынасқа байланысты жалған айып тағып, ақша талап еткен. Қажет болған жағдайда күш қолданып, бағалы заттарды, құжаттарды тартып алып, ірі көлемде ақша аударуға мәжбүрлеген, — деп хабарлады департаменттен.
Облыстық полиция мәліметінше, 2025 жылғы 6 ақпанда қылмыстық топтың құрбаны 24 жастағы Алматы қаласының тұрғыны болған. Оны топ мүшелері күшпен ұстап, жеке құжаттары мен көлігін тартып алған, сонымен қатар 100 000 теңге аударуды талап еткен. Кейін қаскөйлер одан тағы 1 400 000 теңге талап етіп, қорқыта бастаған.