Сенат мәжіліс қабылдаған «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңы мен ілеспе құжатты мақұлдады.
Заңда тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және пайдалану шаралары қарастырылған. Сонымен қатар қаланың дизайн-коды, қала құрылысы регламенті, өңірлік нышанды пайдалану тәртібі бекітілуі шарт.
Атап айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірегейлігін сақтау және оның айналасындағы аумаққа құрылыс салуға жол бермеу мақсатында кесененің қорғау аймағының шекарасынан 100 метр қашықтықта биіктігі жеті метрден асатын және ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша тарих және мәдениет ескерткіштерімен үйлеспейтін объектілер салуға жол берілмейді. Ол үшін әкімдіктің өкілеті күшейтіледі.
Бұдан бөлек, Түркістан қаласының археология және инфрақұрылым ескерткіштерінің резерватына қатысты нормалар айқындалады. Ал қолөнершілердің қалтасынан шығатын шығындардың бір бөлігін бюджет есебінен өтеу жоспарланған. Осы мақсатта жыл сайын 88,5 миллион теңге бөлінеді.
Бүгін сенат депутаттары Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы заңды бірден екі оқылымда мақұлдап, президенттің қол қоюына жіберді.