Жеңістің 80 жылдығына орай Астанада өтетін әскери парадқа 2,5 миллиард теңге бөлінді. Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлап отыр.
Қорғаныс министрлігінің тәрбие және идеологиялық жұмыс департаменті бастығының орынбасары Виталий Адамовичтың айтуынша, бұл қаражат отынға, қосалқы бөлшектерге, іссапар шығындарына, әскерлердің қозғалысына, форма тігуге жұмсалады.
Шеру үш кезеңмен өтеді. Біріншісі — жаяу әскерилер шеруі, екіншісі — механикаландырылған шеру, үшінші кезеңде авиация ұшады. Парадтық сап түзеу тарихи және заманауи кезеңдерді бейнелейді. Шеруде алғаш рет ҰОС-ға қатысқан қазақстандық бөлімдердің жауынгерлік тулары көрсетіледі, — деді Виталий Адамович.
Шеруге шамамен 4,5 мың адам қатысады. Алаңда кейінгі жылдары сатып алынған қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа үлгілері ұсынылады. Бұдан басқа, ТЖМ, ІІМ және МКҰ күштерінің жаңа техникасы ұсынылады. Сонымен қатар Қазақстанның әскери қызметшілері Мәскеу мен Беларусьтегі әскери парадтарға қатысады.