2025 жылы Ақтөбеде 160 мың га жер мемлекет меншігіне қайтарылады. Бұл туралы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді қайтару жұмысы жалғасады. Былтыр 219 мың қайтарылды. Биылғы меже – 160 мың гектар. Ақтөбеде пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару үшін алдымен тексеру жүргізіліп, шаруаларға ескерту беріледі. Кейін ғана келісіммен жер мемлекет меншігіне өтеді.
Ақтөбе облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбол Ержановтың айтуынша, былтыр 219 063 гектар жер қайтарылды. Осы арқылы облыстағы жайылым жерлердің көлемін кеңейту жоспарланып отыр. Себебі мал басы артып, ауданы 97 мың га болатын жайылым жетпейді.
Өңірде 125 жоба аясында 3 млн га жерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Топырақ құнарлылығын арттыру жөніндегі Жол картасына сәйкес биыл Мәртөк және Қобда аудандарында 7 мың гектар жерге геоботаникалық зерттеу жүргізу жоспарланған, — деді Нұрбол Ержанов.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр жалпы ауданы 467,7 мың га болатын 376 учаске жалға берілді. Бұл ауыл шаруашылығы және коммерциялық мақсаттарға арналған учаскелер. Бюджетке 161,1 млн теңге түскен.