Астанадағы көпқабатты үйлердің бірінде 14 жастағы жасөспірім қолындағы пышақпен лифтіде тұрған бес жасар балаға шабуылдап, бетін тілгілеп тастады.
Оқиғаға қатысты қалалық полиция департаменті мәлімдеме жасап, жасөспірімнің психоневрологиялық диспансерде есепте тұрғанын хабарлап отыр.
Оқиғаны тергеу барысында психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған кәмелетке толмаған адам анықталды. Оның заңды өкілдері полицияға шақыртылды, олар заңнамаға сәйкес міндетін тиісінше орындамағаны үшін қатаң жауапкершілікке тартылады. Зардап шеккен бала ауруханаға жатқызылды, оған қажет медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Шабуыл жасаған жасөспірім қажет тергеу әрекеттері жүргізілгеннен кейін белгіленген тәртіппен бірден оқшауланады, — делінген хабарламада.
Оқыс жағдайға қатысты қалалық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеме жасады.
Бетінен бірнеше жерден жара алған баланы жедел-медициналық жәрдем бригадасы №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасына жеткізді. Баланың жағдайын кезекші травматолог және жақ-бет хирургы қарады. Баланың жалпы жағдайы – ауыр. Жақ-бет хирургиясы бөлімшесіне жатқызылды, — делінген хабарламада.