«Оқушы кезімде балмұздақ саттым»

Аты-жөнім — Ибраев Нұрболат Балтабайұлы. 1988 жылы 30 желтоқсанда Қызылордада дүниеге келдім. Мектеп кезінен бастап кәсіпке бейімделдім. 1995 жылы мектепке барған уақытта Қазақстан енді ғана тәуелсіздігін алып, экономикамыз өтпелі кезеңде тұрған еді.

Нұрболат Балтабайұлы ©SZH.kz

Бала деген әр нәрсеге қызығады ғой. Сауда-саттық жасап, балмұздақ сатып жүрдік. Ата-анамыз еш нәрседен кенде қылып өсірген жоқ. Алайда, жазғы демалыста достарыммен бірігіп базарда жұмыс істедік, әр түрлі нәрселер сатып ақша таптық. Мектепке қажетті оқу құрал-жабдықтарын, бір қабат киімдерімді тапқан табысыма сатып алып жүретінмін. Бұл қажеттіліктен емес, қызығушылықтан туған дүние. Бизнестің өзі осыдан басталады.

«Кәсіпте достық болмайды» деген өтірік сөз»

«Теңіз тамшыдан, ақша тиыннан құралады» дейді ғой. Кейін студент болғанда да өз күнімді өзім көрдім. «Қасқыр мен студентті аяғы асырайды». «Екі қолға — бір күрек» қай жерден болсын табылады. Тек намыстанбай, міндетіңді бар ықыласыңмен атқарсаң болды.

Студент болып жүргенде бір арба зат алып базарда жұмыс жасадық. Жанымда бала күнімнен бірге өскен Жомарт дейтін досым бар. Қазір де Жомарт екеуміз бірге жұмыс жасаймыз, орынбасарым. «Кәсіпте достық болмайды» деген өтірік сөз. Керісінше, достық болған жерде бастаған ісің өнімді, табысты болады.

Нұрболат Балтабайұлы
Нұрболат Балтабайұлы ©SZH.kz

«Бизнес базардағы бір арбадан басталды»

Бизнесім бір арбамен ғана басталды. Барым да, нарым да сол арба еді. Ол кезде базарға шығып сауда жасағаның үшін де салық төлейсің. Арнайы бір күндік талон алмасаң, арбамен базарға кіргізбейді. Алғашында табысымыз талон алудан сәл-ақ артылатын. Кейін тауар көлемін, сауда айналымын арттырып, табыс таба бастадық. Қызылорданың жайма базарында бір арба затты саудалау арқылы ақша жинап, 2006 жылы контейнер алдым. Кейін саудамызды осы контейнерде жалғастырдық.

Нұрболат Балтабайұлы
Нұрболат Балтабайұлы ©SZH.kz

Бәрі бірден бола қоймайды. Қазіргі жастар осыны түсінбейді. Бизнестің жүруі көп ақша салғанға байланысты емес. Дүкен ашу үшін үш жыл бойы еңбек еттім. Тек 2009 жылы ғана базар жағалап, контейнер жалдауды доғарып, жеке дүкен аштым. Алғашында шағын дүкенде сауда жасадық. Қазіргі дүкенді ашу үшін көп еңбектендім.

«Арманымдағы дүкенді ашу үшін бес жыл еңбек еттім»

Ал қазіргі жаңа дүкеннің құрылысын, жабдықтауын 2011 жылы аяқтадық. Қазір компанияда он адам жұмыс жасайды . Қызылорда қаласы мен облыстағы ауыл шаруашылығы, құрылыс, мұнай саласының барлығын автобөлшектермен, құрылыс заттарымен қамтамасыз етеміз. Тауарларды негізінен Ресей елінен әкелеміз. Күнделікті ұсақ-түйек тауарларды жаңалап, толықтырып отыру үшін ішкі импорттың көмегіне жүгінеміз.

Нұрболат Балтабайұлы
©SZH.kz

Қазір ВАЗ, КамАЗ, ГАЗ, Волга көліктерін автобөлшектермен қамтамасыз етеміз. Көлік жөндеу орталығы, автобөлшектер дүкені бар.

«Он адамды жұмыспен қамтып отырмын»

Шаруа қожалығын (ИП) ашу үшін көп қаражат қажет болмады. Осыдан 10 жыл бұрын, яғни, 2007 жылы құжат бойынша құрылған шаруа қожалығы екі жыл ішінде айналымын көбейтіп 2009 жылы жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) болды.

Нұрболат Балтабайұлы
©SZH.kz

Қызметкерлерімізді заң жүзінде тұрақты жұмысқа аламыз. Компанияға сенімді адамдар керек. 2-3 ай істеп, шығып кету деген жоқ. Бухгалтерлер, сатушылар, менеджерлер мен жүргізушілер, қызмет көрсететін тұлғалар мен басшылар бар — бас-аяғы 10 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Жалақылары нарыққа байланысты.

«Табысты болу үшін кәсіпкер болу міндетті емес»

Кез келген іске береке берсін деп тілеймін. Шағын дүңгіршек болса да, берекесін берсе, тасы өрге домалайды. Үлкен компаниялардың банкрот болып қалуы да мүмкін. «Ебін тапсаң, емерсің».

Қазіргі жастардың бәрі кәсіпкер болғысы келеді, бастық болып, табысты болсам дейді. Қоғамның бәрі кәсіпкерлерден тұратын болса, басқа шаруаны кім істейді? Бізге наубайшылар да, ұстаз да, дәрігер де, сіздер сияқты журналистер де керек. Өз мамандығыңда жүріп-ақ табысты болуға болады.

«Саудада адамгершілік болуы керек»

Қала бойынша жеткізу қызметі бар. Бірнеше кәсіпорындармен келісімшартқа отырғанбыз.

Саудада достық жоқ, адамгершілік жоқ деген қате ұғым. Не сатсаң да алдамай сат деген принципті ұстанамыз. Тұтынушыларымызға түсіндіріп айтып сатамыз.

P.S: Нұрболат Ибраев қайырымдылыққа да көңіл бөледі екен. Мұны жергілікті халықтың аузынан естіп-білдік. Жас кәсіпкерден осы туралы сұрағанда: «Оң қолың жасаған жақсылықты сол қолың білмесін» деген сөзді ұстанып, қайырымдылық істері туралы айтудан бас тартты. Алайда, халық арасында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қаржылай көмектесіп, көптеген адамдарға м едициналық көмекке қаражат бергеніне деген ризашылық пікірлер көп айтылады екен. Әр істен адамгершілік іздейтін жас кәсіпкердің қызметіне біз де риза болдық.

Сұхбаттасқан Дана Маратова, суреттер Дастан Қастай

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

3 пікір

  1. Оте дурыс айтады, онай жерде нан жок, Оте куаныштымын акша ушин гана емес сапа ушин де жумыстар аткарылуы керек, сапалы болса алушылар катары да азаймайды деген ойдамын, исинизге табыс тилеймин.

  2. НУКАШТы білеміз жаксы жігіт, табысты бол , жаксының жақсылығын айт нұры тассын дейді гой. Жас та болса басшы боп журген ер азамат
    Алла қолдасын

  3. Жақсы пікір,қосыламын,Тірлігіңізге Аллам береке берсін.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!