Қытайдың Харбин қаласында 2025 жылғы IX қысқы Азия ойындары ресми ашылды. Азиада ойындары тарихында алғаш рет жасанды интеллект қолданылды. Бұл туралы ұлттық олимпиада комитеті хабарлап отыр.
Азия ойындарына Азияның 34 елінен 1000-нан астам спортшы қатысады. Бұл жарыста Қазақстан атынан 137 атлет өнер көрсетеді. Жерлестеріміз 6 спорт түрінен 10 дисциплина бойынша өнер көрсетіп, 51 медаль жиынтығын сарапқа салады. Құраманың туын хоккейші Әділ Бекетаев пен шорт-трекші Ольга Тихонова ұстап шықты.
Салтанатты рәсімнің бас режиссеры – Ша Сяолань. Ол бұған дейін 2022 жылы Бейжің Олимпиадасының және 2022 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарының ашылу салтанаттарын қойған.
Азия ойындарының ресми әнұраны – «Харбиндегі қар» әні. Оның авторы – Ван Пинцзю, ал музыкасын Чан Шилэй жазды. Бұл композиция Азия халықтарының бірлікке және ортақ дамуға деген ұмтылысын бейнелейді.
Мерекелік салтанат Азия ойындары-2025 алауының тұтануымен аяқталды.
Жары,тың алғашқы күнінде Қазақстан құрамасы мына жарыстарға қатысады:
- шорт-трек, ерлер мен әйелдер, аралас эстафеталық команда;
- тау шаңғысы, әйелдер. Слалом;
- шаңғы жарысы, ерлер мен әйелдер. Спринт, іріктеу және финалдар;
- шайбалы хоккей, ерлер. Топтық кезең;
- конькимен жүгіру спорты, ерлер мен әйелдер. 100 метр және 1500 метр. Финалдар.