Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде ер адам шлагбаумды зақымдағаны үшін айыппұл арқалады. Бұл туралы қалалық сот хабарлап отыр.
Оқиға 2025 жылғы 1 ақпанда болған.
Сот отырысында құқықбұзушы кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты. Оның айтуынша, ол аулаға қалай кіру керектігін білмеген. Сол себепті шлагбаумды қолмен көтеріп, оны байқаусызда сындырған, — делінген хабарламада.
ҚР ӘҚБтК-нің 147-1-бабының 1-бөлігіне сәйкес, құқықбұзушыға 50 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Бұл бап сонымен қатар бестен 20 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасын қарастырады.
Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.