Басты бетЖаңалықтарЕлімізде су үнемдеу технологияларын әзірлейтін 5 зауыт ашылады

Елімізде су үнемдеу технологияларын әзірлейтін 5 зауыт ашылады

Шетелдік компаниялармен бірлесіп су үнемдеу технологияларын әзірлейтін бес зауыт салынады деп жоспарланып отыр.

Бұл туралы су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлап отыр.

Нақтырақ айтқанда, Kazakh Invest ұлттық компаниясымен бірге түрік және қытай компаниялары тамшылатып суару машиналарының өндірісін іске қосу бойынша үш жобаны жүзеге асырып жатыр.

Үкіметтің жақында өткен кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қазақстанның су саласына шетелдік технологиялар мен инвестицияларды тартудың маңызын тағы да атап өтті. Бүгінде біздің министрлік шаруаларды заманауи су үнемдеу технологияларына көшуге ынталандыру үшін субсидиялар түрінде барлық қажет жағдайды жасайды. Бұл іс-шаралар өткен жылы 158 мың гектар егіс алқабына су үнемдейтін жүйелерді енгізуге мүмкіндік берді, — деді су ресурстары және ирригация министрлігінің департамент директоры Берікбол Мәндібаев.

Сонымен қатар биыл тамшылатып суару жабдығын шығаратын екі зауытты Түркістан облысында ашу жоспарланған.

Жалпы қазіргі уақытта Қазақстанда су үнемдеу технологияларын әзірлейтін төрт отандық зауыт жұмыс істейді. Олар — Астана қаласындағы тамшылатып суару машиналарын шығаратын зауыт, Түркістан облысы мен Алматы қаласындағы тамшылатып суару жабдығын шығаратын екі зауыт және Түркістан облысында су үнемдейтін жүйелердің екі түрін де жасайтын кәсіпорын.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ