Басты бетЖаңалықтарАлматыда кәсіпкерлерге қысым көрсеткен...

Алматыда кәсіпкерлерге қысым көрсеткен криминалитет өкілдері ұсталды

ІІМ криминалитеттің бизнеске қысым көрсету фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша жүйелі жұмысты жалғастырып келеді.

Бұл туралы Polisia.kz хабарлап отыр.

Жедел іс-шаралардың нәтижесінде Алматыда ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ҰҚКД-мен бірлесіп, прокуратураның үйлестіруімен ресми емес жұмыскерлері қылмыстық ортаның өкілдері болған күзет ұйымының құқыққа қарсы қызметін жойды.

Олар қақтығыс жағдайлар мен арандатулар жасау арқылы объектілерді басып алумен айналысқан. Кейіннен олардың «қауіпсіздігін» қамтамасыз еткен. Мысалы, өткен жылғы 23 қарашада фигуранттар криминалдық қамқорлық жасау және ықпал ету саласын кеңейту мақсатында караоке-барға басып кіріп, онда мекеменің иесі мен күзетшілерін ұрып-соққан.

Полицияға 10 күдікті жеткізіліп, олардың алтауы қамауға алынды. 20-дан астам іздеу іс-шаралары жүргізіліп, атыс және суық қару тәркіленді. Бұзақылық пен өз бетінше билік етудің бірнеше фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдіктілердің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Аталған бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр, – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.