Алматыда жол апатынан 39 жастағы әйел қаза болды. Бұл туралы қалалық ПД баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы кеше таңғы сағат 05:30–да Бостандық ауданында болған. «Тойота» маркалы көліктің 20 жастағы жүргізушісі әл-Фараби даңғылының бойымен батыс бағытта келе жатып, Қаратаев көшесінің қиылысында көлікті басқара алмай қалған. Салдарынан жолдың солтүстік жиегіндегі тротуарға шығып, 39 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Сонымен қатар көлік жарнама тақтасының тірегіне соғылып, аударылған.
Өкінішке қарай, жол апаты салдарынан жаяу жүргінші оқиға орнында қаза болды. Көлік жүргізушісі мен оның жолаушысы қалалық ауруханалардың біріне жатқызылды. Кісі өліміне әкеліп соққан жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалды, — делінген хабарламада.