Көрші елдердің, әсіресе Өзбекстан тарапынан сұраныс артып, экспорт қымбаттады. Бұл ішкі нарыққа да әсер етіп жатыр. Мұндай ақпаратты үкімет хабарлап отыр.
Биыл картоп экспорты 1,5 есеге, яғни 411 мың тоннадан 605 мың тоннаға өсті. Елімізде кейінгі аптада экспортқа бағытталған өндірушілер арасында баға күрт өскені (170 теңгеден 270 теңгеге дейін) тіркелген.
Осыған байланысты, ішкі нарықтағы картоп құнын тұрақтандыру үшін 2025 жылғы 18 қаңтарда картопты үшінші елдерге әкетуді 6 ай мерзімге шектеу туралы шешім қабылданды. Бұл шара ЕАЭО елдеріне қолданылмайды, алайда бұл бағыттағы экспортқа бақылау жүргізіледі. Сонымен қатар қалыптасқан жағдайды ескере отырып, биылғы 16 қаңтарда экспортқа фитосанитариялық сертификаттар беру толығымен тоқтады, — делінген министрлік хабарламасында.
ҚР АШМ деректері бойынша, бүгінгі таңда қолда бар қор 2025 жылғы егінді ерте ору науқанына дейін ішкі қажеттікті толық жабады. 19 қаңтардағы жағдай бойынша, сауда желілеріндегі қорларды есепке алмағанда қорда 850 мың тоннадан асатын картоп бар.