ҚР көлік министрлігінің баспасөз қызметі әлеуметтік желіде пайда болған Ақтау маңындағы ұшақ апаты туралы түрлі нұсқаларға жауап берді.
ҚР көлік министрлігіне қарасты авиациялық оқиғаның себебін анықтау жөніндегі арнайы комиссиясының жұмысы жалғасып жатыр. Алдын ала есеп жарияланғанға дейін комиссия ресми дереккөзі жоқ ғаламторда жарияланған дерекке түсініктеме бермейді, — делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, комиссия ҚР заңнамасының талаптарына және ИКАО-ның 13-қосымшасының талаптарына сәйкес алдын ала есеп жариялайды. Онда тергеу барысы және тергеу нәтижесінде анықталған нақты ақпарат болады.
Еске салайық, Баку-Грозный бағытында ұшып келе жатқан ұшақ Ақтауда құлады.
Баку-Грозный бағытындағы ұшақ Azerbaijan Airlines авиакомпаниясына тиесілі. Ұшақ бортында 62 жолаушы мен бес экипаж мүшесі болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, аман қалған 25 адам бар, оның ішінде 22 адам ауруханаға жеткізілді.
Жолаушылардың толық тізімі жарияланды. Ұшақ бортында Қазақстанның алты азаматы болған.